Мектеп асханасының бүгінгі ахуалы қандай?

Мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден келгенімен, алайда олардың тамақтандырудағы халықаралық стандарттарына әлі күнге қолжеткізе алмай келетініміз жасырын емес. Соның салдарынан бүгінде кейбір мектеп асханаларындағы бала түгіл ересек адамның тәбетін қашыратын тағамдар тұрмыстық қалдыққа айналуда. Бұл мемлекет қаржысын зая кетіру емес пе?

Өткен аптада аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша «Мектеп асханасы!» республикалық алдын алу іс-шарасы бойынша семинар өткізді. Оған жеке кәсіпкерлер, ШЖҚ РМК «Ұлттық сараптама орталығы» және «NurOtan» партия аудандық филиалдарының өкілдері, ҮЕҰ, және білім бөлімнің мамандары қатысты.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Ажигалиева өткен жылдың аяғында жоба аясында ауданға қарасты мектептер мен балабақшаларды тексеру барысында перспективалық мәзірге сәйкес келмеу жағдайы анықталғанын, тиісінше әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ас блоктарында сақтау мерзімі өткен азық-түліктердің, бүлінген тамақ өнімдерінің болуы, асхана және т.б. қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы фактілерінің анықталғанын да жасырмады.

- Білім беру ұйымдарында тағамдардың және аспаздық өнімдердің сапасына күн сайын сапалы «органолептикалық» бағалау жүргізілмейді, ас мәзірдің жоспарға сай жасақталмайтыны тағы бар. Баланың жас ерекшелігіне қарай тамақты бөлек пісірудің орнына, барлық балаға бір ыдыста пісіріледі. Мұндай тағам балаға жеткенше оның температурасы, дәмі қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Көрер көзге тартымды болмағаннан кейін оны бала ішпейді де, амалсыз қалдыққа тасталады.

Сондай-ақ мектептердің интернет-ресурстарында «Мектептік тамақтану» айдары жоқ немесе білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша ақпарат жүйелі түрде орналастырылмайды. Атап көрсетілген фактілер ведомствоаралық сараптамалық топтардың, тамақтану сапасын бақылау жөніндегі комиссиялардың қызметіне бақылау болмауының салдары болып табылады. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер аптасына бір рет асханаға келіп, тамақтың сапасы мен оның сақталуын бақылауында ұстауы тиіс. Тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия тағамдарды күнделікті қарап, талапқа сай келмесе, акт жасауға толық құқылы болып табылады, - дейді Г.Бақтыбайқызы.

Бүгінгі таңда әр балаға 230 теңгеден белгіленген. Қазіргі нарық жағдайында азық-түліктің бағасын ескерсек, мұның кәсіпкерлер үшін де оңайға соқпасы анық. Семинарға қатысқан кәсіпкерлер тарапынан әр балаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Семинар барысында «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттары» және оқушылардың сапалы тамақтануын ұйымдастыру туралы С.Қабазова ақпарат берді. Аудандық Ұлттық Сараптама Орталығының дәрігер-бактериологі Д.Сапенова Қазақстан Республикасының Ұлттық Экономика Министрлігінің 2016 жылғы 6 маусымдағы №239 бұйрығы «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы жалпы ережелерімен таныстырды.

Бала – біздің болашағымыз. Бәрінен бұрын олардың денсаулығы қымбат. Сондықтан қазірден бастап баланың құнары мол, сапалы тағамдарды тұтынуына баса мән бергеніміз жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия асхана жұмысын қатаң қадағалап, бақылауда ұстаса,балалардың сапалы тамақтанарына сенім мол.

Б.САПАРОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT