Өз өнімімізді дайындауға көңіл бөлінсе...

Азық-түлік бағасының қымбаттауы біз сияқты зейнеткерлерді уайымға салатыны анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысында сөйлеген сөзін түгел тыңдап шықтық. Президент қазіргі таңда халық алаңдап отыған мәселелерді дөп басып айтты. Әсіресе, азық-түлік бағасының қымбаттауы біз сияқты зейнеткерлерді уайымға салатыны анық. Бір сәтте 80 пайызға қымбаттаған азық-түлік енді қалай тұрақтайды? Қазір міне, жеміс-жидек пісіп жатқан уақыт, бірақ қанттың қымбатшылығынан қысқа азық дайындамай отырмыз. Ет те, сүт те күннен-күнге шарықтап барады. "Үкімет ескі әдіс-тәсілмен бұл қымбатшылықты тоқтата алмайды" деген Президент сөзінің жаны бар.

Болашақ жастардың, ұрпағымыздың тағдыры қандай болады деп алаңдаймыз. Дастарханнан адал асы арылмаған қазақтарға қазіргі қымбатшылық оңай соғып отырған жоқ. Жалақы көрсеткішінен де біздің облыс артта қалып келе жатыр екен. Бір отбасында бір ғана адам еңбек етіп отырған жанұяларда жұмыссыздық мәселесі шешілсе жақсы болар еді. Президент айтқандай жастар тек мұнай саласына емес, ауыл шаруашылығына бетбұрып, өз елімізде дайындалатын өнімдерді даярлауға назар аударса, экономикамызда көтеріледі.

Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты» деп мұнайды сарқылмайтын, бітпейтін байлық көретін халықтың көзін ашты. Бұған қазіргі таңда мұнай-газ саласында оқу бітіріп, бірақ жұмыссыз жүрген жастар дәлел. Осы сынды қордаланған көп мәселенің бір шешімі болады деген сеніміміз мол. Үкімет нақты әрекетке көшсе, халық дейтін алып күш қашанда демеп отыр. Бастысы ел болашағы, ұрпағымыздың келешегі сынға түспесін дейміз.

К.ТЛЕКБАЕВА,

зейнеткер ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT