Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында автожол саласына түбегейлі реформа жасайтын уақыт келгенін жеткізді.
Бұл әрине қуантарлық жайт. «Жол азабын жүрген білер» немесе «Жол азабы – көр азабы» деген сөздердің мәнін әсіресе атыраулықтар жақсы біледі. Атырау-Астрахан жолын айтпағанның өзінде, қалааралық, қалаішілік жолдың да күйі кетіп барады. Қанша жамап-жасқағанмен де көлік тізгіндегендердің өкпесі қара қазандай. Ағымдағы болсын, күрделі болсын жөндеуден өткен жол көп ұзамай кәдеге жарамай қалып, оның арты апаттық жағдайлардың орын алуына алып келіп жатады.
Осы жол саласына жауапты мекемелердің жұмысына сын айтылып келе жатқалы біраз уақыт өтті. Бір ғана мекемеге емес, қос бірдей компанияға тәуелді біздің жолдардың сапасы сын көтермейді. Жақында ғана Ақтау қаласына көлікпен барып келдім. Бір қызығы, Маңғыстау облысының аумағына кірген мезгілден бастап алдыңнан тақтай тегіс жол, тіпті Жетібай ауданынан кейін төрт жолақты, дәл ортадан кедергімен бөлінген асфальт шығады. Қаланың іші де адам қызығарлықтай. «Атырау-Орал» республикалық тасжолының жөндеуін күтіп жүргенде Жайықтың бұқар бетіндегі «Атырау-Индер» жолының да шұрқ-тесіктері байқала бастағандай.
Сондықтан Президенттің: «Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін екі негізгі оператор қадағалап, қызмет көрсетеді. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын»,- деген сөзінен кейін жұмыстар жанданады деп сенеміз.
Д.ОРЫНБАСАР,
ауыл тұрғыны