Алға ауылының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Амангүл Фазлиева көп жылдан бері қолөнермен, құрақ құраумен, тоқымамен шұғылданады. Он саусағынан өнер тамған шебер жан. Шебер қолынан шыққан тоқымамен қатар құрақ көрпелер, оюлы кішкентай көпшіктер, сәукеле, сәндік қол сөмкелер, доптар көздің жауын алады.
- «Мен Алға ауылында 1979 жылдың 22-ақпанында дүниеге келдім. Бала жастан мүмкіндігі шектеулі бала болып, өмір есігін ашқан екенмін. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібімді дөңгелентіп жүрген жанның бірімін. Қазіргі кезде кәсіпкерлік бағытында еңбек етіп, өзімді дамыту, заман көшінен қалмай, құрақ көрпе құрап, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау- менің басты мақсатым. Тұтынушыларым да көп. Тапсырыспен ұлттық нақышта құрақ көрпе, жай көрпе, үй тұмары сияқты заттардың небір түрін тігумен айналысамын. Олардың әрқайсысы тек түстерімен ғана емес, мазмұнымен де дараланып тұрады. Тігін тігу өнеріне бала жастан қатты қызығып, әуестеніп өстім. Менің қызығушылығым қуыршақтарға көйлек тігуден басталды. Өсе келе осы өнер түрімен айналысуға бел будым. Десе де маған біраз нәрсе үйрену қажет болды. Сөйтіп, тігін шеберханасына жұмысқа орналастым. Бұл маған тәжірибе жинауға көп септігін тигізді. Алдымен көрпе тіктім. Содан кейін өзімді әртүрлі бағытта сынап көрдім. Қиындыққа қарамастан бастаған ісім әйтеуір оң нәтижесін берді. Қазір көрпелер, көпшіктер, бас киімдер, қыз(қалыңдық) жасауын тігемін. Мен оны бар ықыласыммен, зер салып, көз майымды тауысып, бар уақытымды жұмсап, бар ынта-жігермен дайындаймын. Қолөнер сыры тұңғиық, өзгеше бір әлем. Жалпы біле білгенге зейініңді басқа нәрсеге бөліп, соның арқасында тіршіліктің тауқыметін аз уақытқа болса да ұмыту да өнер дер едім»-дейді кейіпкеріміз.
- «Амангүлдің он саусағынан өнері тамған шебер жан екенін ауылдастары жақсы біледі. Қажет кезде оған тапсырыс беріп те жатады. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық қолөнер көрмелеріне, фестиваль- байқауларға қатысты. Облыстық байқауға апарған сәнді қолөнер бұйымдары көптің көңілінен шығып, лезде сатылып кеткен сәттер де болған. Ауылымыздан шыққан білікті ісмер, ұлттық өнерді дәріптеуші қолөнерші Амангүл Қабдолқызы 2023 жылдың ақпан айында «Бастау-бизнесте» оқып, мемлекеттік грантқа құжат тапсырып қойды. Мемлекеттік грант иегері атанса, бұл біз үшін үлкен қуаныш»-дейді ауыл әкімі Расул Мусин.
Қазақ «талаптыға нұр жауар» демей ме. Мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, ел қатарлы еңбек етіп, тірі адамның тіршілігін жасауы үшін аянып қалмайтынын іспен дәлелдеп жүргендер аз емес. Олар он екі мүшесі сау, әке-шешесінің мойнында отырған жастарға «тірі мысал», ал өмірдің болмашы қиындықтарына базынасын айтатындарға үлгі болатыны сөзсіз.
А.Қуанышқалиева