Ойын алаңдары ойрандала бере ме?

 Мемлекет тарапынан ауылдың дамуына көрсетіліп келе жатқан қолдаудың арқасында ауданымыздың орталығы күн өткен сайын көркейіп келеді.

Демалыс саябақтары, балаларға арналған ойын алаңдары, футбол және баскетбол ойнауға арналған алаңдар салынудай-ақ салынуда. Алайда алғаш салынған кезде көздің жауын алып, көңілге қуаныш ұялататын ойын алаңдарының көп ұзамай сыры ұшып, сыны кеткен, торы жыртылып, топсасы үзілген сұрықсыз орынға айналатыны көңілге кірбің түсіруде.

alan-18920

Газетіміздің 19 наурыздағы №11 санында «Төсеніші түтіліп, тоқ желісі үзілген...» немесе шұғылалықтар неге алаңдаулы?» деген тақырыпта көкейтесті мақала жарияланған болатын. Мақалада «Шұғыла» мөлтек ауданында бой көтерген футбол ойнауға арналған алаңның жасанды төсеніші жиырылып, тоқ желісі үзіліп, балалар мен жастардың толыққанды спортпен шұғылдануына кедергі келтіріп тұрғаны айтылған болатын. Көтерілген мәселеге орай, тілші сауалына жауап берген Махамбет ауылдық округі әкімі Б.Мыңбаев: «қазіргі уақытта аталған спорт алаңшасының төсенішін, жарық шамдарын қалпына келтірудің мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Қаражат бөлініп, мердігер мекеме табылса, жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін жүргізіледі» деп жауап берген болатын. Содан бері 6 ай уақыт өтті. «Газет бетінде көтерілген мәселе қаншалықты шешімін тапты?» деген сауалға жауап табу үшін спорт алаңының жай-күйін көзімізбен көріп қайттық. Өкінішке орай, жиырылған төсенішін жинап алып тастаған алаң әлі сол күйінде тұр.

Тамыз айының аяғында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында өткізілген әкімдік отырысында аудан әкімі Ж.Ахметов ауылдық округ әкімдеріне қараусыз қалған ойын алаңдарын сырлап, сынған, майысқан жерлерін түзеп қалпына келтіруді, осы жұмысты жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстарының қатарына енгізуді тапсырған болатын. Аудан басшысы тапсырма бергелі екі аптадан астам уақыт өтті. Аудан орталығындағы ойын алаңдары әлі шұрық-тесік күйінде тұр.

ji180920

-Үйіміздің жанынан ойын алаңдары салынған кезде балаларымыз үшін қуанған едік. Кешкісін олар асыр салып ойнап, аналар жиналып әңгіме-дүкен құратынбыз. Бірақ көп ұзамай,балалардың ойынына шыдай алмай, сырғанақтар сықырлап, әткеншектер шиқылдап, тренажерлар бөлшектеніп сына бастады. Жыл өткен сайын өңі кетіп, түсі қашты. Бір жылы тапа-тал түсте кеуіп болмайтын сырмен сырлап кетіпті. «Кіруге болмайды, сырланған» деген ескертпе белгі де қоймаған. Баланың аты бала, «сыры кепсін» дегенді түсінбейді. Күндегісін күнде барып, төбеден төмен қарай сырға былғанып келіп жүрген кездері де болды. Бүгінде балаларымыздың есіл-дерті 60 үйдің алдындағы ойын алаңы. Сапалы салынған ойын жабдықтарына балаларымызды апарып ойнатып, сырттай қызығып қарап кетеміз, – дейді ауыл тұрғындары, көп балалы аналар.

oi180920-18

Ал әуесқой футболшылар болса;

- Бүгінде халықтың басым бөлігі бұқаралық спортпен айналысады. Кешкісін жұмыстан кейін, кешкі асымызды ішіп алған соң жігіттер болып, доп тебуге спорт алаңдарына барамыз. Жаздың кезінде 11-12-ге дейін доп қуатынбыз. Қазір кеш ерте түсіп кетеді де, қараңғы жерде доп қуалау қиындық тудырады. Спорт алаңдарына жарық шамдары ілінсе, ұзағырақ ойнауға мүмкіндік туар еді,– деген ұсыныстарын жеткізіп үлгерді.

ТҮЙІН

Қазіргідей баланың санасын смартфондағы сиқырлы әлем жаулап тұрған заманда ойын бөліп, бойын сергітетін спорт және ойын алаңдарының көптеп салынуының маңызы қаншалықты зор болса, салынған алаңды күтіп ұстау да соншалықты маңызды болып отыр. Алаңды теңгеріміне алған мекеме жауапкершілікпен қарап, уақытында жөндеу жұмысын жасап, бейбастақтықтың орын алмауын бақылауында ұстаса, ойын алаңдарының бүгінгідей адам көргісіз күйге түсуіне жол берілмесі анық.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT