Атырауда тіреуі жылжып кетуіне байланысты 10 қаңтардан бері жабық тұрған Орталық көпір қайта ашылады.
«23 қаңтар күні жергілікті уақытпен сағат 00:00-де Орталық көпірдегі көлік қозғалысы қайта жанданады. Қаланың коммуналдық саласына жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен полиция департаменті жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылауда ұстайды», - деп мәлім етті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Жанглишев.
Орталық көпірді тексеріп шыққан мамандардың қорытындысына сенсек, көпір ашылғанға дейін 3.4, 3.11, 3.24 белгілерін орнату керек, сондай-ақ, көпірде кептеліс туындауына жол бермей, жүк көлігінің жүруіне тыйым салу қажет. Одан бөлек, мамандар көпірдегі жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау қажеттігін айтқан. Жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлік бұрынғыдай өз бағдары бойынша жүре береді.
Еске сала кетейік, 10 қаңтарда Атыраудағы Орталық көпірде көлік қозғалысына тыйым салынып, жабылған болатын. Тексеру барысында орталық көпір арқылы өтетін диаметрі 426 мм жылу желілері тірегінің қозғалғаны анықталды.
Атыраудың орталық көпірі 1965 жылы салынған. Күрделі жөндеуден соңғы рет 20 жыл бұрын өткен. 2016 жылы жүргізілген техникалық тексеру көпірдің тіреуіштері ескіріп, жөндеуге мұқтаж екенін анықтаған болатын. Бүгінде жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Дереккөз:inform.kz