Қоғамның сөзі – өмірдің өзі

Аудандық әкімдікте Махамбет ауданының қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Кеңес отырысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Құлжанов қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы және алда тұрған міндеттері туралы баяндама жасады.

БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР

Алдымен сөз алған аудан әкімі Сырым Рысқалиев Қоғамдық келісім кеңесі – билік пен халықтың арасын жақындастыратын кеңес екеніне тоқталды. - Татулықтың белгісі, ұйымшылдықтың көрінісі болып табылатын бұл кеңес біздің ауданымызда да өз міндетін қалтқысыз атқарып келеді. Осы кезге дейін бөлек жұмыстанып келген ақсақалдар кеңесі, әкелер, аналар, әйелдер, жастар кеңестерінің бастары бір арнаға тоғысып, біріге, жұмыла жұмыстануда. Әр округтен сайланған кеңес өкілдері округ әкімдерімен, ақсақалдармен, белсенді тұрғындарымен бірлескен түрде ауыл ішінде күрделенген мәселелердің оңтайлы шешімін табуға тырысып жүр. Бұл кеңеске ауыл тұрғындарының ілтипатына бөленген, көп көріп, көп естіген адамдар сайланады.Қоғамдық келісім кеңесінің арқасында ауданымызда ұйымшылдық, бірлік һәм татулық орын алуда, – деді аудан басшысы.

БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

Қоғамдық келісім кеңесінің міндеттері туралы баяндаған Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Орынғалиұлы бүгінде қазақ жерінде тұратын 140 этнос және 17 конфессия өкілдері жаһандық экономикалық дағдарысты жеңу, ел алдында тұрған келелі міндеттерді іске асыру барысында қолға алынған қыруар тірліктерді бірлесіп атқарып келе жатқанын айтып өтті. -Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді.Осының нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың конституциялық және азаматтық құқықтары мен еркіндігі толық сақталып отыр. Ассамблеяның негізгі мақсаты -этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыруда Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің маңызы зор. Қоғамдық келісім Кеңестерінің мақсаты ұлттық бірлікті нығайту болып табылады. Кеңестер құрамы ҚХА қағидаты бойынша қоғамдық және этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар өкілдерінен, сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатарынан құрылады. Сондай-ақ қоғамдық келісім Кеңестерінің құрамына ақсақалдар, аналар кеңестері, азаматтық қоғамның өзге де институттары мен қоғамдық бірлестіктердің ассоциациялары енгізілді. Қоғамдық келісім Кеңестері өз жұмысында тұрғындар үшін маңызы бар экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің кең спектрі оның ішінде келеңсіз тенденциялардың алдын алу және ескерту, алауыздықтар мен дауларды реттеу жөніндегі практикалық шараларды жүзеге асыруға, даулы мәселелерді болдырмауға, әлеуметтік шиеленістің ошақтарын оқшаулауға қатысады. Кеңестер жұмысының маңызды бағыттарының бірі орындарда медиаторлық институтты дамыту- дауларды сотқа дейін реттеу, мүдделер қақтығысы белсенді шиеленісті кезеңге ұласуының алдын алу тәжірибесі болып саналады. Кеңестер отырыстарында жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, дәстүрлер мен аға ұрпақ мәдениеті сабақтастығын үзіп алмау, денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын ұстану, елді мекендерді абаттандыру, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, ауылда кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуды дамытуға қатысты түрлі мәселелер қарастырылады. Қоғамдық келісім Кеңестерінің миссиясы түрлі әлеуметтік күштер мен институттарды біріктіру және әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу болып табылады, – деді Д.Құлжанов. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Асқар Құрманбаев Елбасының «5 әлеуметтік бас- тамасы» аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

ТҰРҒЫН ҮЙГЕ СҰРАНЫС ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Елбасының әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасына орай ауданда жаңа міндеттер айқындалып, бұған дейін де қарқынмен жүргізілген тұрғын үй құрылысына жаңа серпін берілмек. Өткен жылы аудан орталығынан пайдалануға берілген көппәтерлі үйден тұрғын үйге мұқтаж, әлеуметтік жағынан әлсіз 20 тұрғынға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 жасқа үйі апаттық жағдайдағы 1 тұрғынға және 22 мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа пәтер берілді. Бұдан басқа полиция қызметкерлеріне 6 тұрғын үй салынып берілсе, Сарытоғай ауылындағы 10 жанұяға тұрғын үй берілді. 2018-2019 жылдары тағы екі 60 (біреуінің құрылысы биыл аяқталады) пәтерлік тұрғын үй мен «Жас отау» бағдарламасы бойынша 50 тұрғын үйдің құрылысы басталуы керек. Сонда аудан тұрғындарының тұрғын үйге сұранысы толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Салықтық жүктемені төмендету мақсатында жалақыны аз алатын адамдарға салық 1 пайызға дейін төмендейді. Біздің аудан негізінен аграрлық салаға арқа сүйеп отырған аудан болғандықтан, сала еңбеккерлерінің табыс салығын 1 пайызға азайту бас- тамасын аудан еңбеккерлері қуана қабылдады. Өткен жылы ауданда «Бизнестік жол картасы - 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары және өзге де қаржы институттары арқылы 83 адамға 764,1 млн. теңге несие берілді. Барлығы 125 жұмыс орны ашылды, – деп баяндады А.Рақымұлы. Кеңес отырысының пікір алмасу бөлімінде ой-пікірін ортаға салған Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Мәжиев ауыл жастарының ұйымдастыруымен өткізілген патриоттық шаралар туралы айтып өтті.

-Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған өзекті мәселенің бірі туған жерді қастерлеу болса, бұл орайда Бақсай ауылдық округінің жас- тары өздерінің патриоттық сүйіспеншіліктерін өз дәрежесінде орындап келеді. Өткен жылы мектепті бірнеше жыл бұрын бітіріп кеткен түлектердің бірлесе, біріге күш жұмылдыруының нәтижесінде ауыл орталығынан концерт беруге арналған жаздық сахна салынса, биылғы жылы Көк белдеу деп аталатын саябақ жасалып, көшеттер егілді. Үнемі көше мерекесі өткізіліп тұрады. Бұл мерекеде сол көшеде тұрған, ауылға еңбегі сіңген, елге танылған, бұл күнде өмірден өтіп кеткен адамдардың өнегелі өмірінен бейнебаян жасалып, жұртшылық назарына ұсынылды. Көше мерекесін өткізудегі мақсат жастарды көше тазалығын сақтауға шақыру, осындай үлгілі адамдар тұрған көшені ұлығылау болып табылады. Бұлардан басқа да көптеген ізгі шаралар өткізіліп тұрады. Асыраушысынан айырылған отбасыларға демеушілік көмектер көрсетіледі. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері әрдайым осындай шаралардың басы-қасынан табылады, – деген Қ.Мәжиев Ұлы Отан соғысы боздақтарына арнап салынған ескерткіштерде, тек қана соғыста қаза тапқан адамдардың есімдері жазылатынын, ал соғысқа қатысып, елге ама-есен оралып, елі үшін көп жылдар еңбек еткен адамдардың есімдері ұмыт қалып жатырғанын еске салды. Болашақта мұндай мемориалды тақталарда соғыстан аман оралған батырлардың да есімдерін жазылуы қажет-ау деген ұсынысын білдірді. Қоғамдық кеңесті Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жанат Досқалиева қорытындылады.

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521