Ел экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы.
Мемлекет басшысы да «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында аталған саладағы бірқатар мәселелерді айта келіп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Бұл бағыттағы жұмыстардың өңірімізде жүру барысын білмек мақсатында Қазақстан фермерлер қауымдастығы Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановпен тілдескенбіз.
- Ауыл шаруашылығындағы кадр мәселесін шешу жолдары қандай?
- Шаруашылықтардың қаржылық қуаттылығы артпағаннан кейін жұмысшылардың сұранысын қанағаттандыратындай жағдай жасай алмай отырмыз. Сол себепті бізде мамандарды тұрақтату әлі де кемшін болып тұр. Сондай-ақ, егін және мал шаруашылығын маусымдық жұмыс ретінде қарайтын көзқарастан арылу керек. Күзде жинаған өнімді қоймаға немесе арнайы цехқа сақтайтындай жағдайға жетіп, жыл бойы табыс әкелетіндей болған кезде ғана тұрақты жалақысын төлей отырып, жұмысшыларды ұстауға болады.
- Сіздің ойыңызша, шаруагерлерге қандай жеңілдіктер жасалуы керек?
- Шаруашылыққа тиімдісі – «арзан несие». Бұл туралы Жолдауда да мәселе ретінде көтерілді. Біріншіден, ол «арзан несиенің» пайыздық сыйақысы аз болғаны дұрыс. Екіншіден, пайдалану мерзімі ұзақ болу керек. Үшіншіден, несиені алғаннан кейін бастапқы жылдары «ұзақ мерзімді демалыс» беру.
- Осы саладағы бағдарламаларға көзқарасыңыз қалай?
- Аталған сала министрлігіндегі шикіліктің, министрлердің жиі ауысуы, олар ауысқан сайын жаңа бағдарламалардың өмірге келуі, айналып келгенде саланың шатқаяқтануына алып келді. Мойындау керек, тиімсіз бағдарламалар көбейіп кетті.
- Жас шаруагерлерге көрсетілер қолдаулар жөнінде пікіріңіз?
- Мемлекет тарапынан, қаржы институттарынан қолдау бар. Тек мықты бизнес-жоспар, ниет болса жеткілікті. Осы жылы іске қосылған жақсы бағдарлама бар. Яғни, егер фермер шаруашылық басына тұрғын үй салатын болса, қаражаттың жартысы ауыл шаруашылығы министрлігінен субсидияланады. Алайда, шаруаны бастамақ түгілі, бұл салада жұмыс жасауға құлшыныс танытатындар аздығы қынжылтады.
- Кооператив құру бойынша айтарыңыз?
- Атырау облысының шаруагерлері өз халқын толықтай жергілікті өнімдерімен қамти алмай отырғанда, кооперативке сұраныс та, қажеттілік те маңызды еместігі көрінеді.
Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ