Қазіргі жағдайда ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімімен мешіттерде жамағат болып намаз оқу уақытша тоқтатылып отыр.
Яғни, мешіттерде бес уақыт азан шақырыла береді. Бірақ, жұма және бес уақыт намазды әркім өз үйінде оқиды.
Бұл тек біздің елде ғана емес Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттерінде де мешітте намаз оқуға шектеу қойылған. Мұндағы барлығының мақсаты аты жаман індетті өзгелерге таратпауды көздейді. Алла Тағала бізге өміріміз бен денсаулығымызды аманат етіп тапсырғаннан кейін, оны сақтауға міндеттіміз. Мұндай шешім барша мұсылман қауымы үшін қанша ауыр болса да, бұл уақытша сынақ деп қабылдап, сабыр ете білуіміз керек.
Өмір бар жерде, өлім хақ. Еліміздегі ахуалды ескеріп, қазіргі уақытта қазалы үйде марқұмның жаназасына да он бес адамнан артық адам жиналмай, тек ет-жақын туыстарының ғана қатысқандары жөн деп есептелуде. Сонымен қатар, 3,7,40,100 күндік қаделеріне де шектеу қойылуда. Шариғатымызда қайтыс болған адамның қаделерін өткізу парыз болып табылмайтындықтан, бұны өткізбегенде тұрған ештеңе жоқ. Марқұмға құран бағыштап, оның атынан шамаңыз жеткенше, жоқ-жітікке садақа беріп, жақсы дұға жасағаныңыз игі амал осы болмақ.
Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазын оқу және оны жерлеу – парыз кифая, яғни, кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелерге міндет болмайтын амал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында жарияланғандай, Ғұламалар кеңесі өте қауіпті жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба, т.б.) аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдады:
Біріншіден, мәйітті жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.
Екіншіден, мәйітті кебіндеу. Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.
Үшіншіден, жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.
Төртіншіден, мәйітті жерлеу. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.
Ескерту: Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, мұндай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, сол хәлінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.
Ержан Иманғалиев,
аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы
Сурет:дереккөз