Махамбет ауданы әкімдігінің қолдауымен, Атырау атбегілерінің ұйымдастыруымен Махамбет ауданы, Бақсай ауылдық округі Таңдай ауылының тұсындағы Бәйгетөбеде 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Отан соғысының 78 жылдығына орай ауыздықпен алысқан шабандоздар аламаны өтті.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бәйгеге көрші Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан, Атырау облысының барлық ауданынан және Атырау қаласынан
35-тен аса шабандоз келді.
Бәйге десе арқасы қозатын жұрт ең әуелі тай бәйгесінің жабы шабысына куә болды. Мұнда мәрені бірінші кескен Құрманғазы ауданының “Ақтолқын” тайы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Жылыой ауданынан “Қазына” тайы жеңіп алса, үшінші орынды Атырау қаласынан келген “Ақмаңдай” жүйрігі алып, төртінші, бесінші орынды Индерлік “Тайфун” және Сарытоғайлық “Көк қасқа” тайы иеленді.
Аламан бәйгені асыға күткен жұртшылық құнан бәйгенің шабандоздарына да тәнті болды. Төрешілердің пәрмені берілгеннен 13 бірдей шабандоз қатар шапты. Соңғы айналымда жеңімпазын анықтаған доданың бірінші орынын Атырау қаласынан келген “Ханторы” арғымағына бұйырды. Ал, екінші орынды БҚО, Тайпақ ауылынан келген “Сымбат” иемденді. Сондай-ақ, үздік үштіктен Индер ауданы, Көктоғай ауылының “Жерұйық” құнаны көрінді. Төртінші және бесінші жүлдені Қызылқоғалық “Медина” және Жылыойлық “Аягөз” құнаны еншіледі.
Көп ұзамай көпшілік бас жүлдесі 600 мың теңге болған аламанның куәгері болды. Сегіз айналымнан тұрған бәйгеде Жылыой ауданының “Мейірім” тұлпары үмітті ақтады. Сол секілді Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан келген “Ақсұңқар” екінші орынды алып, үздік үштікті Қызылқоғалық “Назқоңыр” жүйрігі, төртінші орынды Исатайлық “Бағдат көк” тұлпары қорытындылады.
Бұдан бөлек түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, жүлделі орыннан көрінген жігіттер қаржылай сыйлыққа ие болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараға ризашылығын білдірді.
7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Отан соғысының 78 жылдығына орай өткен ат бәйгесінің жеңімпаздарын аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы құттықтап, арнайы дипломмен қаржылай сыйлықты табыс етті.
Өз тілшіміз