Махамбет ауданында көпбейінді заманауи спорт алаңы ашылды

Биылғы «Балалар жылына» орай ауылымызда  заманауи үлгіде жасалған тағы бір көпбейінді спорт  алаңының ашылу салтанаты өтті.

a7a6b2b2-eed8-4386-ab1f-e074f233c4f5

Бұл жердің ерекшелігі сол, балалар таза, ашық алаңқайда ойын ойнап қоймай, спортпен де айналысады.  Махамбеттіктерге керемет тарту жасап отырған жеке кәсіпкер, «Алим-ай» ЖШС директоры Андашев Ерлан Амангелдіұлы жобаны бас-аяғы 1 айдың ішінде жүзеге асырып берді.

9f081b0d-c40f-489e-bb2e-d27ca2bbf97e

Жобаның авторы, жүзеге асырушы, демеуші Ерлан.Андашев ойын алаңы емес, көпбейінді балалар спорт алаңын салуын өзінің, әулетінің спортқа жақындығымен байланыстырды. Бала күнінен спортшылар отбасында өсіп, тәрбиеленген, бокспен кәсіби түрде айналысқан кәсіпкер қайда болмасын спортшы үшін жаттығу алаңы ең маңызды орын екенін жақсы біледі.

85609d65-8e48-4662-b034-35edeb4ab56d

-Осы ауылда туып-өсіп, қанатымды қомдаған соң қашанда туған жеріме өз пайдамды тигізгім келеді. Сол себепті тапқан табысымның бір бөлігіне спорттық алаң салып беру ойыма келді. Аудан басшыларының, отбасымның қолдауымен міне үлкен істі аяқтап, нәтижесін көріп отырмыз. Артымыздан спортқа жанашыр, спортсүйер ұрпақ өссін дейміз. КСРО спорт шебері ағамыз Қамбар Андашевтай мықты, рухты балалар талай додада Махамбеттің атын шығарсын,-деген жалынды тілегін арнады Е.Андашев.

О.Шонаев атындағы орта мектептің алдына салынған ашық алаңда спорттық дайындық пен ойындар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, бокспен айналысатындарға бокс тұлыбы,  арнайы баскетбол шеңбері де ілінген. Ал, ашылу салтанатының құрметіне Ерлан Андашев өз атынан жаңа баскетбол доптарын да сыйға тартты. Шара барысында кәсіпкердің туыстары, алғашқы ұстазы мен ата-анасының достары да ақжарма тілектерін арнап, қолдау білдірді. Қуанышқа  жиналған балалар арасында белтемірге тартылудан кішігірім жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық таратылды.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521