Надежда ГИРКИНА: «Махамбетім бәрінен қымбат!»

Ұлты орыс болса да, қазақ жерінде туып, қазақша ойлап, бар өмірі қазақтардың ортасында өтіп жатқан ауыл халқына «медсестра Надя» есімімен танылып кеткен оны махамбеттіктер жақсы таниды.

Гиркина Надежда Николайқызы 1957 жылы 8 желтоқсанда Сарайшық ауылдық округінде дүниеге келген. Ата-анасы да сол ауылда туып-өскен жергілікті жердің тумалары. Ол 8 жылдық Чкалов орта мектебін бітіргеннен кейін орта кәсіптік білім алған. Сөйтіп, 1971 жылдан бастап медицина сала­сында еңбек еткен. 17 жыл Сарайшық интернат үйінде жұмыс жасап, 1995 жылы тұрмысқа шығып Махамбетке қоныс аударады. Аудандық аурухананың жалпы терапия бөлімінде біраз жыл медбике болып, науқас жандарға көмек көрсеткен. Ол кездегі бөлім меңгерушісі Зиба Габдуллақызымен жақын арала­сып, жұмыстың қыр-сырын меңгеруге сол кісінің көп көмегі тигенін айтады. Осылайша аурухананың бірнеше бөлімдерінде қызмет ете жүріп, 2002 жылдан бастап күндізгі стационарға ауысады. Дәрігер Ару­ева Ұлболсын Латипқызымен танысып, ол кісіден де көп нәрсе үйреніп, бүгінде сол жұмыс барысындағы тәжірибелер үшін аталған жандарға шексіз алғысын білдіріп келеді. 2011 жылы Махамбет аудандық тубер­кулезге қарсы оқшаулау мекемесіне жолдама алып, ол жерде де табысты еңбек еткен. Жұмыс барысында өткен талай қызықты сәттерін былайша еске алады.

- Бұрынғы Сороченко, қазіргі Аққайың аты берілген ауылда фельдшер-акушерлік пунктте жұмыс жасап жүрген кезім. Өрімдей 19-20 жастағы қызбын. Ауылға әскерден оралған жас қазақ жігіті соқырішек болып операция жасалған екен. Біздің медпунктке жарасының орнын тазалап, таңуға келіп, мені көріп ұялып қалды. Содан бір күн, екі күн келіп есік ал­дында тұрып кетеді. Үшінші күні дегенде жағдайын айтып, мен оған көмек көрсетіп танысып кеттік. Ар­тынан оның қарындасы мені көрсе «ақ жеңгем» деп айтып жүрді. Ал,мен ол сөздің мағынасын түсінбей, күліп өтіп кететінмін. Бірде сол ауылдың жастары отырыс жасап, мені шақырды. Құрбы қыздарыммен барып отырсақ, әлі ешкім келмеген, қонақтар да жоқ. Бір уақытта ауылда бір әйелден қан кетіп жа­тыр, жедел көмек көрсету керек деген хабар келіп, тұра шаптым. Үй ішіндегілер де аң-таң болып қалды. Артынан достарынан естісем, жаңағы қазақ досым, мені сол кеште алып қашқысы келген екен. Осы­лайша қазақтарға келін болуға шақ қалғанмын,-деп жастығын күліп есіне алды.

f51a08b7-239d-42bb-a7ad-f34f12a38293

Бірақ, тағдырдың жазуы шығар, бір қызығы Надежда Николайқызы өмірлік серігімен де осы емханада танысқан. Ол өзі іздеп келіп танысып, кейіннен араларындағы сезім мен сыйластықтың нәтижесінде отбасы болған. Өмірге 1 ұл, 1 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Біраз жыл бұрын жолдасы, ар­тынша оқыс оқиғадан баласы қайтыс болған ол бүгінде жалғызбасты ана, зейнеткер. Бір қызынан өрбіген 3 сүйкімді немересін алданыш көріп, соларға жиі қонаққа барып тұратынын айтты. Махамбетте жалғыз тұрсам да, жалғыздығымды сездірмейтін құрбыларым, керемет көршілерім бар деп мақтанып та алды.

- Менің достарымның барлығы бала күнімнен қазақ, неміс, кәріс сынды өзге ұлт өкілдерінен болды. Бізді де ата-анамыз олармен бірге тату-тәтті болуға тәрбиеледі. 1995 жылдан бері Махамбетте тұрып жатырмыз. Керемет қазақ отбасыларымен көршімін, Алма, Талшын есімді құрбыларым бар. Үнемі бір-бірімізді қолдап, жағдайымызды сұрап отырамыз. Біздің балаларымыз бір аулада, бір көшеде ойнап өсті. Қазақ халқының Наурыз, барша мұсылмандарға ортақ айт мейрамдарын бірге қарсы алып, жақсы тілектерімізді айтамыз. Біздің де діни мерекелерімізде қазақ көршілерім, олардың бала­лары мені құттықтап келіп жатады. Жақында Нари­ман есімді сыныптасым жағдайымды сұрап, жазып жатқанда қатты қуанып қалдым. Мен қазақ жерінде өзімді ешқашан бөтен сезінбедім, керісінше туған жерім жүрегіме тыныштық береді. Ресейге, басқа ел­дерге қонақ ретінде барып тұрамын. Бірақ, мен үшін туып-өскен Махамбетім бәрінен қымбат. Ата-анам да осы жерде туып, осы жерде қалды. Бұл біздің ортақ Отанымыз,-деп Қазақстанға деген шексіз құрметін білдірді.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT