Көк Тудың желбірегені...

Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы ғаламшарымыздың әр түкпірінде, халықаралық олимпиадаларда көтерілді.

Біздің Туымыз біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Иорктегі штаб-пәтерінде, Вена қаласындағы Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Сәулесі шартарапқа шашыраған Күн мен көкте еркін қалықтаған қыран бейнесі бедерленген Туымыз қазақстандық ғарышкермен бірге ғарышқа барып қайтса, әлемдегі ең биік тау шыңдарын бағындырған альпинистер көк байрағымызды биікте желбіретті. Осының барлығы Тәуелсіз еліміздің мәртебесін көтеріп, қазақстандық патриотизмнің салтанат құруына септігін тигізеді.

Аудан орталығындағы «Аққу» сауда үйінде ұйымдастырылған «Менің Туым-менің Отаным!» атты патриоттық акцияның да негізгі мақсаты-мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтардың туған еліне деген патриоттық сезімін оятып, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу. Шара барысында алғаш сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов күні кеше махамбеттік спортшы Р.Молдашева Румыния елінде қол күресі бойынша өткен әлемдік додада алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды шет елде желбіреткенін алға тартып, мемлекеттік Туымыз бұдан былай адамдар көп шоғырланатын орындарда көрнекі жерге орналастырылатынын айтты.

k

-Жаугершілікпен көшпенді ғұмыр кешкен халқымыз бір Тудың астына жиналып, елді біріктіретін байрақтарын ерекше қастерлеген,-деді келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Н.Ерғалиев. Шашасына боз биенің қылын байлаған шұбарала Туды ат үстінде желбіретіп, жауға шапқан батырларымыз ерекше рухтанып, қара бұлттай төніп келген қалың қолдың құтын қашырған. Күндей күркіреп өткен кешегі сұрапыл соғыста жау ұясы-Рейхстагқа Жеңіс Туын бірінші болып қадаған қайсар қазақ Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болып мәңгі есте қалды.Ту-ұлттық намысымыз. Ол-халқымызды бірлікке, елдікке үндейді. Бүгіннен бастап осы көк байрағымызға иелік ететін жауапты мекеме-«Аққу» сауда үйі күн сайын таңертеңгі сағат тоғызда кірісетін жұмыстарын көк байрақтың жанында қолдарын жүрек тұсына қойып, еліміздің Әнұранын шырқаудан бастаса,нұр үстіне нұр. Сондықтан оны қадір тұтып, қастерлеу-парызымыз.

k

«Аққу» сауда үйінің қожайыны, жеке кәсіпкер Еркебұлан Мұсаұлы да осы көк байрақ өздерінде сақталатынына ризашылығын білдіріп, сертке сай серпін танытып, күнделікті тұтынушылармен арадағы жоғары сауда мәдениетін қалыптастыруға жұмыстанатынын жеткізді. Акция барысында көк байрағымызды желбіреткен өрімдей жастар рухты асқақтатар патриоттық әндерді шырқап, Отан деп соққан кеуделеріндегі жұдырықтай жүректерінің дүрсілін сезінгендей болды.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT