Жастарға айтылмайтын үш құпия ашылды

Жуырда Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен "Төртінші билік" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Órkenıet" жобасы аясында ауылымызға танымал журналист-блогер Өркен Кенжебек келді.

orken2

Кездесуде әлеуметтік желі этикасы, блогердің оқырман алдындағы мәдениеті және тұлғалық даму, саяхат тақырыптары талқыланып, «жастарға айтылмайтын үш құпияның» да сыры ашылды.

Біздің анықтама:

Өркен Кенжебек

«Хабар» агенттігінде интернет дирекция директорының орынбасары

34 жаста, үйленген,

Тараздың тумасы

Журналист ретіндегі еңбек өтілі -12 жыл. 5 газетте, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, 2 сайтта жұмыс жасаған

«Ң» әрпіне тілі келмегендіктен радиоға бара алмаған

Соңғы 10 жылда блогер ретінде танымал

6 жылда 38 елді аралаған саяхатшы

Әлеуметтік желіде 1000-нан аса оқырманы бар

Өмірінде түрлі салада еңбек етіп, өзін тек журналистикада ғана таба білген Өркен Кенжебек мұндай кездесулердің қазіргі жастарға ауадай қажет екендігін ашық айтты. Себебі, ол өмірде үлгі боларлық тұлғаларды тану, тыңдау өз жолыңды дұрыс таңдауға көмектесетініне сенімді екен. Сонымен Өркен айтқан құпияның қысқа нұсқасы төмендегідей:

Кітапқа құмар болыңыз

Балалық шағымыз аядай ауылда өткендіктен ең жақын досымыз кітап болды. Кітапты оқып қана қоймай, оны өмірлік азық, ауырғанда шипа болатын дәрі ретінде қабылдау керек. Тұрсын Жұртбайдың «Интернет - ақпарат береді, ақпарат ғылым емес, интернет-мағлұмат береді, мағлұмат білім емес» деген бір ғана мысалы ғаламтордың торына түскен бүгінгі қоғамға ең керек рухани байлық та, көмекші құрал да – кітап екенін дәлелдеуге болады. Менің кітапқа қызыққаным, оның әлеміне сенгенім соншалық 7-сыныпта сүйікті оқулығымның жалғасын жазып, кейіпкерім арқылы ғарыш әлеміне зерттеу жасаған болатынмын. Сол арқылы, қиялымды ғана емес, білімімді де жетілдірдім.

Досты дұрыс таңдаңыз

Адам баласы өмірде досты, ортаны дұрыс таңдай білу керек. Достық бұл-екі адамның одағы. Ол одақта кімде қандай жақсы қасиет, қандай жаман әдет болса да бір-біріне әсер етеді. Менің күні бүгінге дейінгі блогер, саяхатшы, қарапайым фотограф ретіндегі жетістіктерім маған бағыт беруші, үйретуші достарымның арқасында.

Саяхаттап түйгенім...

Саяхатқа қызығушылығым осыдан 6 жыл бұрын басталды. Алғашқыда қорқыныш, сенімсіздік болғанымен, кейін бұл нәрсе арқылы әлемді ғана емес, өзімді де тани бастадым. Саяхат - газет пен ғаламтордан көргеніңнің бәріне сене беруге болмайтындығын түсіндіреді. Мәселен, Ауғанстанға барған сапарымда әлемдегі ең қауіпті, соғыстың ошағы саналатын ел деп айтуға аузым бармады. Керісінше, ең қонақжай, ең әдемі мемлекет ретінде есте сақтадым. Өйткені, ондағы халықтың қарапайымдылығы, қаласының сәулеті мен мәдениеті теңдесіз. Ал, кейбір дамыған, әлемнің брендтерін қалыптастырған, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ұлттық асханасының өзінен шошынған сәттер болды. Шет елдерге шығу арқылы өз еліңнің артықшылықтары мен кемшіліктерін саралайсың.

Желідегі жел сөзге желікпеңіз

Қазір алпыстағы ақсақалдың аузынан дуалы сөз естімейміз. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «Шыңғыс ханның ұлты мен Кенесарының басы» үшін қызылкеңірдек болған ел ағаларын көреміз. Иә, қазақ тарихқа бай халық. Алайда, елі, жері, президенті жоқ цыгандардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі бізден көп. Мысалы, Испанияның ұлттық биі: фламенго, алдап-арбау, көзді байлау психологиясы, цирк приемдары, Балқан елі музыкасы, 6 шекті гитара, сән үлгісіндегі «бохос» стилі - бәрін цыгандар ойлап тапқан. Немесе 1 млн ғана халқы бар Эстония білім сапасы жөнінен әлемде 2 орында тұр. Біз ұлтшылмыз деп ұрандап жүргенде, олар әлі күнге өз елдерінің астанасының атын өзгертпеген. Бұрын Данияның боданы болған елдің астанасы Таллин, яғни «дат қаласы» деп аталады. Эстондықтар үшін бұл ең соңғы кезектегі мәселе. Алдыңғы орынға олар, әрине, білім беру, денсаулық, экология сынды өзекті тақырыптарды қояды. Ал, тым ұлтшыл болып кеткен елдерді қарасаң, олардың жайы мәз емес. Оған мысал - Украина. «Біз азайып барамыз, құрып барамыз» деп демографияға алаңдайтындар 10 –ақ млн халқымен 6 ғасыр империя болған Португалияны қарасын. Сол 10 млн халқымен 53 мемлекетті басқарған олар жерінің астын да, үстін де байлыққа толтырып алып, қазір өз бодандарын босатқан. Қазақ қанша қырғыннан аман қалып, азаймаған, құрымаған, іргесі сөгілмеген айбынды халық. Ары қарай да азаймайды.

Қытай мен қарыз

Еліміздегі тұрғындардың 65% өз мамандығымен жұмыс жасамайды. Бұл – оларға дұрыс бағыт-бағдар берілмеді, нұсқалмады, қолдау көрсетілмеді деген сөз. Кейде бойыңдағы 1000 кемшіліктен, бір артықшылығыңды жоғары қойған дұрыс. Біздің бәріміз де белгілі бір дәрежеде наданбыз. Кез келген салаға сауатымыз жетіп, тісіміз бата бермейді. Сонымен қоймай, ол надандығымызбен желідегі жұртты желіктіріп, жастардың санасын улаймыз. Әнебір «Қытайға жер берілмесін» деп ашықтан ұрандағандар Қытай мен Қазақстан арасындағы қайсібір байланысты біле ме өзі? Қытаймен шектесетін 14 елдің ішінде жалғыз Қазақстанмен шекара мәселесі туындамаған. Бұл да біздің Елбасы Н.Әбішұлының көреген саясаты, ерен еңбегі. Осы күнге дейін тарихта алып қарасаң да қазақ пен қытай арасында тығыз байланыс та, текетірес те болмаған. Сондай алыпқашпа сөзді таратып отырған телефонның ар жағындағы батырлар қытай қара Ертіс пен Іле өзенінің негізгі су арнасын жауып тастаса, халықтың жайы не боларын біле ме екен? Қанша қала ауыз сусыз қаларын ойланды ма? Сондықтан әр сөзімізге абай болуымыз керек. Сіздің бір теріс пікіріңіз бен кесір сөзіңіз бүтін бір елдің тағдырына әсер етпесіне кім кепіл?

«Қазақстан шет мемлекетке миллиардтап қарыз» деп мойнына қос-қостан кредит алып жүргендер айтады. Сол қарызды беріп отырған екінші деңгейлі банк сіздің өтінішіңізді өтеймін деп, басқа елден қаржы алып, сыртқы қарызды ұлғайтып отырғанын олар білмеуі де мүмкін. Сіз кредитке мініп жүрген қымбат көлік, ұстап жүрген телефон, киіп жүрген тоныңыз сол сыртқы қарызды ұлғайтып жатыр.

Қалай сынасақ та отан біреу, жалғыз. Ешкім келіп сізге Финляндия мен Эстониясын сыйлай салмайды. Елді ел қылатын да өзіміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT