Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында білім беру сапасын жақсарту, оқулық сапасының төмендігіне тоқталған.
Сондай-ақ алдағы уақытта мұғалімдер жалақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды.
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орнына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобын жұмыссыздар мен маргиналдар құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе-ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысын жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек».
Білім сапасына қатысты тағы бір мәселе-қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Тағы бір өзекті мәселе-оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету-тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл келесі жылдан бастап, ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз» делінген. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, ұстаздар еңбегін лайықты бағалағаны дұрыс.
Бұған дейін де Елбасының, Президент Жолдауларында бұл мәселе қозғалып жүр. Ұстаз еңбегі оның шәкіртімен бағаланады. «Ұстаздан шәкірт озар» демей ме? Лайым дарынды шәкірттеріміз көп болсын.
Э.Хисметуллина,
Д.Төленов мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімі