Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК төлеудің жаңа тәсілдемелері жұмыс істейтін болды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы жан басына шаққандағы облыста белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамдарға, не отбасына шартты, шартсыз ақшалай көмек түрінде берілетіні анықталып отыр. АӘК-тің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қаңтарынан басталады екен. Ол үшін отбасылар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек. Егер аналарымыз ауылдық жерде тұрса, ауылдық округ әкіміне жүгіне алатыны атап көрсетіліпті.
Ал жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру міндетті, қажет емес көрінеді. АӘК өтініш берген айдан бастап тағайындалады. Тағайындау өтініш берген күнге байланысты емес. Ал өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек өзінің жеке куәлігін ұсынса, жететінін білдік. Мен де көпбалалы анамын. Әр баланың өз нәсібесі болады демей ме. Қазақта «Балалы үй базар» демекші, жолдасым Жәнібек екеуміз бүгінде қызғалдақтай бес қызды тәрбиелеп-өсіріп отырған жайымыз бар. Мен өзімді ең бақытты анамын деп санаймын.
Елімізде шығып жатқан соңғы жаңалықтарға үнемі құлақ түріп, телеарналардан, әлеуметтік желіден қарап отырамын. «Үйің болмай, күйің болмас», «Тұрғын үйге әркімнің бар таласы» дегендей, үй-күйсіз, жалдамалы пәтер жағалап жүрген көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін соңғы уақытта түрлі бағдарламалар шығып жатқанын да білеміз. Олардың да пайдасын көріп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алып жатқан көпбалалы аналар бар. Кейбіреулері бағдарламаға енді ілігіп жатыр. Бұған дейін мен де балалар жәрдемақысын алып келдім.
Енді жаңа жылдан бастап көпбалалы аналарға табысына қарамастан жәрдемақы төленетіні мені қуантып отыр. Бұл жағымды жаңалықты құрбыларыммен де бөлістім. Бұл барша аналар қауымына жасалып отырған игі іс деп ойлаймын.
А.Бақтығалиқызы,
көпбалалы ана