Кешеден бері әлеуметтік желілерде ««Mercedes Benz» автокөлігінің жүргізушісін полиция қызметкерлері ұрып-соқты» деген бейнежазба тарала бастады. Осы бейне жазба туралы Атырау облыстық Полиция Департаменті өзінің фейсбук парақшасында былай деп түсінік берді.
Атырау облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына сай, қалада кешкі сағат 21:00 кейін жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің қозғалысына тыйым салынған болатын. Ағымдағы жылдың 12 сәуір күні сағат 21:20 шамасында осы тәртіптің орындалысын қадағалауға шыққан полиция басқармасының «Батыс 25» экипажы Сәтбаев-Пушкин көшелері қиылысы бойында кетіп бара жатқан «Mercedes Benz» автокөлігін байқап қалады. Экипаж қызметкерлері тоқтатпақ болғанымен, көлік жүргізушісі талапты орындамаған. Дауыс күшейткіш құралымен бірнеше рет тоқтау туралы ескертілгеннен кейін ғана, жүргізуші көлігін Құлманов көшесі бойындағы «Атырау» сауда орталығы тұсында тоқтатқан.
Тексеру барысында жүргізушілік құжаты жоқ азаматтың дәрігерлік сараптама қорытындысымен «орта» дәрежелі мас екендігі де анықталады. «Mercedes Benz» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің төрт бірдей баптары бойынша әкімшілік хаттамалар жасақталып, сотқа жолданды.
Атап айтқанда:
- әкімшілік сот қаулысының 601 бабымен ( «жол белгісі талабын орындамау») 4167 тг мөлшерінде айыппұл;
- 613 бабымен ( «Полиция қызметкерінің автокөлік тоқтау талабын орындамау») 41670 тг мөлшерінде айыппұл;
- 608 баппен («Жүргізу құқығы жоқ, алкогольдік ішімдік ішкен масаю күйде автокөлікті басқару») 20 тәулікке қамаққа алу;
-478 баппен («төтенше жағдай режимі кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау») 10 тәулік қамаққа алу белгіленді.
Қорытындысында, 1986 жылы туған Атырау тұрғынына 45837 тг мөлшерінде айыппұл салынып, 30 тәулікке қамаққа алынды.
Ал, полиция қызметкерлері жүргізушіні ұрып-соқты деген дерек бойынша, Полиция Департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы қазіргі уақытта «Батыс 25» экипаж қызметкерлері құқық бұзушыны ұстау кезінде заңдылықты сақтаған, сақтамағанына қатысты қызметтік тергеу жүргізуде.
«Жайық-Ақпарат»
Сурет:дереккөз