Тұтқиылдан келген жаман індет – короновирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде.
Қазірдің өзінде дүниежүзі бойынша миллиондаған адам сырқатқа шалдығып, мыңдаған адамдардың өмірі қиылып жатыр. Бұл індетті жеңудің басты мақсаты – ынтымақтастық деп ойлаймын.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні кеше 8 сәуірде жарияланған үндеуінен кейін, сол бір кездерді еріксіз еске түсірдім. Уақтылы еңбекақы жоқ,тамақтар тізіммен адам басына шақтап берілді. Сонда да, бала-шаға қамы үшін аудан айнасы газетінде күні-түні жұмыс жасадық. Газет уақтылы шығып тұрды.
Әрине, ол кезбен қазіргі сәтті салыстыруға келмейді. Сол бір уақыттарда қазақ елі өзінің шыдамдылығымен, ынтымақтастығымен, сабырлылығымен күрделі кезеңде де шыдай білді. Барға-қанағат, жоққа – сабыр қылды. Ендеше, қазір де, ел ішіне орынсыз дүрбелең салмай, біреумін демей, біргеміз деген ұранды берік ұстап, кез келген қоғамдық орында тәртіп пен сақтықты сақатаған жөн дер едім. Нұрсұлтан Әбішұлының үндеуін оқи отырып та, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуаттарын жұмылдырып жатқанын аңғарамыз. Ендеше, сол азаматтардың еңбегін зая кетірмейік.
Дүниедегі ең үлкен байлық адам мен оның өмірі болса, әрбір жеке тұлға өзінің отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының болашағына, денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет. Осы бір қиын сәтте аса мұқтаж жандарға, көп балалы аналарға, жұмысқа жарамсыз жандарға түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатыр. Дүкен сөрелерінде әзірге керекті заттардың бәрі бар. Аллаға шүкір ас-суымыз, тамағымыз, дәрі-дәрмегімізді тауып, алып, ел қатарлы күн көрудеміз.
Елдің бірлігі, достығы, татулығы сынға түскен шақта, бір-бірімізді жағадан алмай, керісінше қолдау көрсетіп, сабыр қылайық. Біздің қазақ – рухы мықты, өресі биік, кешегі Исатай мен Махамбеттей батырлардың ұрпағы емес пе?! Бұл жолы да Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бізбен бірге екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Еңсесі биік егемен еліміз Қазақстанның көк туы әлі де көкте желбіреп, Әнұраны шалықтап, арайлы күндері мен тып-тыныш түндерін көруге жазсын баршамызға.
С.Тәжбентай,
зейнеткер