Қуаныш үзілмеген шаңырақ

«Өнегелі отбасы-қоғам тірегі» деп тегін айтпаған.   Ұрпаққа берген тәлім-тәрбиемен, туған-туыс, көрші-көлем арасында  сыйластығымен, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған жанұялардың бірі- Алданбай Қалмағамбетов әулеті.

  Таңдай ауылында тұратын көкірегі даңғыл,  көңілі дария Алданбай аға мен Сапура апа ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елге сыйлылығымен мән-мағыналы ғұмыр кешуде.   Сонымен қатар Қалмағамбетов  жанұясы аудандық «Мерейлі отбасы-2023»  ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне қатысты.  Білім саласының ардагері Алданбай Қалмағамбетов  өз шаңырағы туралы былай деп әңгімеледі: 

-Мен техникумды  бітірген соң  1978 жылдың 20 мамырында атыраулық есепші қыз  Матенова Сапурамен  шаңырақ көтердім.   Биыл  отбасы құрғанымызға   45 жыл толды.  Сонымен қатар   мен  көпбалалы әкемін,  Сапура екеуміз  5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік.   Бүгінде солардан 18 немере, 4 жиен сүйіп отырған жайымыз бар.   Жалпы өзім  1978 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының механика бөлімін бітіргенмін.  Оқу орнын аяқтаған соң Бақсай совхозында   үш жылдай  диспетчер, механик, қауіпсіздік техникасының инженері болып, жұмыс жасадым.    Содан  1981 жылы Таңдай  орта мектебінде автомобиль ісі (автодело) деген пән ашылып,  мен соған мұғалім болып ауыстым.   Мектепте 1996 жылға дейін автоделодан сабақ бердім.  Сонымен қатар 1997-2002 жылдары Таңдай орта мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымын атқарсам,  2003-2009 жылдары психолог, мектеп-интернатта тәрбиеші  болдым.    Ал  2009-2016 жылдары  Таңдай мектеп-интернаты меңгерушісі болып, еңбек еттім.   2016 жылғы 1-қыркүйектен бастап зейнеткерлікке шықтым.  Еңбек өтілім жалпы 45 жылды құраса, педагогикалық өтілім 35 жыл.    Адам баласының өміріндагі ең құнды қазынасы-отбасы.  Отының қамқоршысы мен тіреуі –ер азаматы, шаңырақ шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін  адал жары, ал сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты-балалары деп білемін.  Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім-тәрбие-баланың өмірлік бағдаршамы  болмақ.  Жанұяда адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп,  қалыптасады.  Отанға деген ыстық сезім  жаныңдағы тума-туыстарға деген сүйіспеншілік, шаңырақ шайқалмауы үшін отбасында сыйластық болғаны дұрыс.  Жанұядағы тәрбиенің  маңызы зор.   Бұрын ешқашан  ата-әже тәрбиесін көрмей өскен бала болмайтын.  Атаның  жыр-дастанын,  әженің ертегісін тыңдап өскен ұрпақтар рухани байып отырған.   Ата-анамыздан «тәрбие көрген, иманжүзді, көсегесі көгерген» деген  сөздерді  жиі естіп өстік.  Отан-ортақ үйіміз деп қарайтын болсақ, сол ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп,  керегесін кеңейтіп, береке-бірлігін ұйыта ұстау-ортақ міндетіміз-дейді Алданбай аға ағынан жарылып.    

Иә, әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмады.   Ағамыз еңбекқор, жұмысына тиянақты, бірбеткей, әр нәрсені  ой елегінен өткізіп,  нақты дұрыс шешім қабылдайтын.   Ойға кемел,  сөзге берік,  әдебиет пен мәдениетке жақын,  қағылез қасиеті басым жан. Ол еңбек жолының өсу баспалдағында  абырой мен адамдықты  биік үстады.  Өмір жолында  кездескен қиындықтарға мойымады.  Ең бастысы  адамдық қалпынан  айнымады, адамгершілік қасиетін  жоғалтпады.  Ол қызмет еткен жылдары  білікті, абыройлы, ел-жұрт сыйлайтын қарапайым адам болғанын білеміз.  Ағайын-туысқа кішіпейіл, қамқор, кішілігі кісілікке ұласқан абзал  аға, қадірменді бауыр.   Жарының асқар тауы, балаларының арқа сүйер тірегі.  Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке.   

Осындай тасы өрге домалаған  азаматтың басына қонған  бақ құсы-Сапура апай.  Қазақта «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» деген бар.  «Жақсы әйел ері  ұялмас іс қылмайды» демекші,  Сапура ана үлкен әулетке  ибалы келін, ел-жұртқа құт,  асыл ерінің мақтанышы.  Ағамызбен тізе қосып, иық тіресе еңбек етті.  Қазақ даналығында жанындағы ерін құрметтеп, ұл-қыздарына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырақ шырайын келтіріп, ұйытқысы болған да осы Сапура апаны ауылдастары байсалды, ізетті, парасатты жан деп текке айтпайды.  Ағамызбен  екеуі  жеті баланы өмірге әкелген (бір қызы шетінеген) алтын құрсақты  кең жүректі  жан. 

-Өзім Атырау қаласының тумасымын.  Тағдыр мені Алданбай ағаңа жолықтырып, мен Таңдайға келін болып түстім.  Өзімді бақытты анамын,бақытты  әжемін деп есептеймін.   Бар байлығым-балаларым.  Солар аман болып, орталарында екеуміз жақсылықтарына куә болып отырсақ, одан артық бақыт жоқ шығар-дейді Сапура апа.   Құтты шаңырақ иелері   ата-аналық борышын адал атқарды, балаларын оқытты-тоқытты.  Еңбекшіл отбасының  алдында  тек бір ғана мақсат тұрған еді.  Ол- көрінген балаларын  өсіріп, тәрбиелеу, жетілдіру  екенін жақсы  білеміз. 

Қазақта «адам ұрпағымен мың жасайды»,  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме.  Бүгінде балалары   түрлі салада еңбек етіп жүр.  Өнегелі отбасынан өрбіген саналы ұрпақ  болды, әке жолын қуып, ұстаз болғандар да бар.  Әр салада еңбек еткенімен, барлығы  да өз ісіне адал.   Бүгінде мың жылдық құда, жүз жылдық күйеу болып, сыйласып отырған жайы бар.  Ара-тұра балдай тәтті немере-жиендер  шапқылап, ата-әжесінің қуанышын еселеп кетеді.   Биыл  Алданбай ағамыз  70-тің сеңгіріне шықты.   Алдымен олар аяулы ата-ана, ардақты ата-әже.   Екеуінің қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басқандарына -45 жыл толыпты.  Зымыраған уақытпен ілесе жүріп, ақ отаудан  еңселі ордалық шаһарлы шаңыраққа айналған. 

Күні бүгінде парасат жасына қадам басқан отбасы деген бақытты ұясын жылылыққа толтырып,  түтінін түзу ұшырып,  киелі қара шаңыраққа ие болып отырған асыл жандар Алданбай аға мен Сапура апаға қажымас қайрат, ұзақ  ғұмыр тілейміз.  Шаңырақтан шаттық пен қуаныш  шуағы үзілмесін!

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521