Қиындыққа қаймықпаған Қуангереевтер

Тағдырдың жазылғанына көніп, қарап қалмай, өзі өмір сүріп жатқан қоғамды жақсартуға тысырып жүрген Мұхадия Қуангереев пен жары Гүлден Өтебалиева ауданның мүмкіндігі шектеулі адамдарына спортпен айналысуына жағдай жасап жүргелі біраз жыл болды. Биыл бұл отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінде бақ сынады.

Осыдан 17 жыл бұрын инсульт алып, сол қол, сол аяғына зақым келген ІІ топ мүгедегі Мұхадия Қуангереев өзімен тағдырлас жандарды іздеп, араласа бастайды. Бағына орай, Гүлден есімді сұлу қызбен кездесіп, 2008 жылы шаңырақ көтереді. Бүгінде отбасында бес бала тәрбиелеп отырған олар үлгілі отбасылар қатарында. Екеуінің арман-мақсаттары бір арнаға тоғысып, спорт мектебін ашуды қалайды.

– Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық секциялар іздеп, «Мүгедектер» спорт клубын таптық. Аяқ-қолы жоқ азаматтардың спортпен айналысып жүргенін көріп, жолдасым да спортпен айналысуды мақсат етті. 2007 жылы аталған спорт клубына жұмысқа орналасып, Махамбет ауданы бойынша тоғызқұмалақтан әдіскер болып қызмет ете бастады. Мен 2006 жылдан бері осы ауданда жұмыс істеймін, талай шәкірт тәрбиелеген ұстазбын. Арманымыз шындыққа айналып, 2018 жылы «Ержүректілер» қоғамдық қорын құрып, спорт мектебінің  жұмысын бастадық. Содан бері жеткен жетістігіміз көп,- дейді Қуангеревтер отбасының келіні Гүлден Өтебалиева.

Отбасындағы бала тәрбиесін теңдей бөлген Қуангереевтер жанұясында балаларға қазақи салт-дәстүрлер дәріптеліп, қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ насихатталады. Ұлттық ойынды балаларына алты жастан бастап үйрететін отағасы Мұхадияның өзі тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер атанды. Сонымен қатар үстел теннисінен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, бұл спорт түрінен де спорт шеберіне үміткер атағын қорғады. «Ер жүректілер» спорт клубы – Қуангереевтер отбасы құрған қоғамдық қордың ірі әрі нәтижелі жобаларының бірі. 2018 жылы олар «Жарқыра» байқауынан 1 360 000 теңге көлеміндегі грант ұтып алған болатын. Бұл қаражатқа клубтың негізін қалаушылар ғимаратты жалға алып, жөндеу жұмысын жүргізді, үстел теннисіне арналған робот, дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ сатып алды, сондай-ақ Алматы қаласында тағылымдама мен оқудан өтті.

– Спорт клубта тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, жеңіл атлетика, үстел теннисі секциялары жұмыс істейді. Барлық сабақ тегін. Қатысушыларымыз мүгедектігін растайтын анықтама алып келуі керек. Бүгінде 46 мүгедектігі бар жан жаттығуда. Оларды даярлап, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырамыз. Спорт шеберлігін қорғаған шәкірттеріміз де біраз. Көптен озып шыққан жүйріктердің жарыстарға кететін шығынын көтеруге аудан, облыс  әкімдігі атсалысады. Сонымен қатар спортқа қызығушылығы бар азаматтарды ақылы негізде жаттықтырамыз. Спортпен айналысамын деген ынтасы бар кез келген ауыл тұрғынына есігіміз ашық. Мүмкіндігі шектеулі жандар көбіне қоғамнан қол үзіп қалады, көпшілік жиналған жерге барудан тартынады. Мәселен, Жалғансай ауылында тұратын замандасымыз Аружан Ғиниатова 14 жыл бойы үйінен шықпай, қоғамдық өмірден қол үзіп қалған еді. Біздің спорт мектебімізге келіп, адамдармен араласа бастады. Тоғызқұмалақтан түрлі чемпионатқа қатысып, спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Бүгінде аудармашы болып жұмыс істейді,- дейді «Ер жүректілер» клубының жетекшісі Мұхадия Қуангереев.

«Ер жүректілер» спорт клубы ашылғалы қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және зілтемір көтеруден «ҚР спорт шебері», «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атақтарына қол жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа ғана баулып қоймай, жұмыспен де қамтуға үлес қосып отыр. Бірі – Есбол ауылында спорт клубтың жанынан ашылған тоғызқұмалақ курсынан жаттықтырушы, екіншісі – клубтың тазалығына жауапты. Қоғамның дамуына, бұқараны салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда қосқан үлесі үшін Мұхадия Қуангерейұлына Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалі және «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. «Ер жүректілер» қоғамдық қоры 2019 жылы Астана қаласында өткен «Үздік әлеуметтік жобалар» жәрмеңкесінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хатымен марапатталды. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен өткен «Жарқыра» бағдарламасының жеңімпазы болды.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғаммен байланыс маңызды. Спорт – денсаулық кепілі, спорт адамдарды да өзара  байланыстырады. Мысалы, біз осы спорттың арқасында отбасылы болдық. Ауданның қоғамдық өміріне де араласқымыз келеді. 2019 жылы аудандық жұмыспен қамту бөлімінен мемлекеттік тапсырыс алып, 160 мүмкіндігі шектеулі балаға мерекелік ертеңгілік өткіздік. Сол жылы Махамбет ауданының азаматы, І топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға қазіргі заманауи қоларба алып беру мақсатында облыс деңгейінде қайырымдылық турнир ұйымдастырып, нәтижесінде қоларба табысталды. 2020 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап «Шексіз әлем» атты компьютерлік сауаттылықты арттыру мақсатында тренинг өткіздік. Бұл шараға 30 ерекше жан қатысып, оларға сертификат табысталды. Алдағы уақытта спорт клубпен бірге мүмкіндігі шектеулі жандаға арналған шағын оңалту орталығын салу жаспарымызда бар. Ол жерде ерекше  жандар балық аулап, демалып, түрлі емдік шараларды алатын болады,-дейді Г.Өтебалиева.

Бала тәрбиесіне келгенде «балаңды тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүретіні секілді Мұхадия мен Гүлденнің артынан ерген балалары да салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, оқуда озат, білімге құштар болып өсіп келеді. Тұңғыштары Армангүлді 2-сыныптан бастап тоғызқұмалақ ойынына үйреткен. Бүгінде ол облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Сонымен қатар пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Үшінші сыныпта оқитын  ұлдары Ерғанат та тоғызқұмалақты меңгеріп, жарысқа қатысып келеді. Көркемсөз оқу сайыстарынан да жүлдемен оралып жүр. Ал Жанайым қыздары мектепалды даярлық тобына барса, Мадияр мен Данияр – бөбекжай-бақшаның тәрбиеленушілері. 

Қуангереевтер жаняұсының мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына көңіл бөлінсе деген тілектері бар. Үлкен компаниялар да қолдау білдірсе нұр үстіне нұр болар еді. Расында, спорт – өмір сапасын арттыруға, адамдардың көңіл күйін көтеруге қажет бірден-бір құрал. Сондықтан спорт волонтерлігі де назарға алатын дүние.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521