Музейге – 45 жыл

Өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын – музей. Биыл аудан халқының өсіп-толуына үлес қосып, мұраларын көздің қарашығындай сақтап отырған Махамбет тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 45 жыл толды.

Мерейтойға орай музейдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалармен кездесу өтті. Кездесуге Тыныштық Үмбеталиев, Амангелді Есенғалиев, Күнсая Суханғалиева, Орын Сағынбаева және өзге де музей жұмысын жандандырған жандар қатысты. Сонау 1978 жылға көз жүгіртер болсақ, Махамбет ауданында алғаш рет қоғамдық  негізде мұражай құрылып, мәдениет үйінің бір бөлмесіне орналастырылды. Мұражайдың негізін қалауға сол кездегі мектеп ұстаздары Жұмахмет Ожаев, Хасен Елеусінов, Қыдыр Есімов, Сембай Бердімұратовтар көп еңбек сіңірді. Алғашқы жәдігерлерді тіркеу кітабы ашылып, №1 жәдігер 1978 жылы тіркелді.

– 1992 жылы музейге арнайы ғимарат бөлініп, жаңа орынға көшті. Арнайы жасақталған музейдің ашылу салтанатына ел зиялылары көптеп қатынасты. Олардың қатарында ақын, жазушы, ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, кинорежисер Талғат Теменов, актер Досхан Жолжақсынов, ел анасы Ділдә Матайқызы, Иманғали Тасмағамбетовтер болды. Алғашқы келушілерін Сембай ағайдың өзі қарсы алып, экскурсиясын жүргізген болатын,- деді музей директоры К.Байгужина.

XIX ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстанның батыс аймақтарын мекендеген ел өмірінде ерекше із қалдырған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі, қазақ поэзиясының классигі Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі егемен еліміздің еңсесін биіктете түседі. Осыған орай аудан тұрғындары мен қонақтарына тарихтан сыр шерткен музей 2003 жылы қазіргі заманға сай салынған жана зәулім ғимаратқа көшті.

– Музейдің бүгінгі жетістіктері нарық заңдылықтарына бейімделген даму сатысының бірі деп бағалаймыз. Алға қойылған мақсат – халықаралық музей ісімен тереңірек танысып, олардың ұлттық мұраттарымыз бен мүдделерімізге үйлесетін озық үлгілерін өмірге енгізу, сондай-ақ XXI ғасыр талабына сай келетін музейлер қатарына қосылу. Өлке тарихының алтын қазынасын келесі мыңжылдықтарға жеткізу жолындағы қызметтерін жалғастыра отырып, еліміздің биік руханиятын, озық мәдениетін әлемге таныту да – музейдің басты міндеттерінің қатарында,- деді музей басшысы.

Мерейтой қарсаңында музейде 30 жылдан астам уақыт сурет салу, жөндеу жұмыстарын атқарған Сағидолла Қабесұлы арнайы Алғыс хатпен мараппаталса, музей директорына аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың алғыс хаты табысталды. Кездесуге қатысушылар тарапынан музейге Сембай Бердімұратовтың есімін беру ұсынысы айтылды.

 Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521