Үйір-үйір жылқылар көше кезген

Соңғы жылдары Махамбет ауданының инфрақұрылымдары біраз жаңартылды. Асфальтталмаған көше қалмады деуге болады.

Шеткі мөлтек аудандарға газ тартылып жатыр. Осындай адам игілігі үшін істелген жұмыстармен қатар келеңсіз көріністер де қылаң беруде. Бұрындары тұра қалып көшенің қақ ортасына тезегін тастайтын зеңгі баба тұқымдарымен ымырасыз күрес жүргізіліп, иелеріне айыппұлдар салынып, біраз тәртіпке келгендей болып еді. Қазір қайтадан бетімен кеткен сыңайлы. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, Махамбет ауылының орталық көшелерінен үйір-үйірімен жөңкіліп жүретін жылқыларды жиі көзіміз шалатын болды.

Жыл он екі ай бойы шөбі шүйгін жерге ұзап жайылатын ұзын аяқты жануардың көше кезіп, «қоңыз теріп» жүрген күйкі тірлігіне таң қалмасқа амалың жоқ. Тіпті қыстың боранды күндерінде де тебіндеп, тамағын тауып жейтін жылқы жарықтық қандай тығырыққа тірелді екен? Әлде түз тағылары қыспаққа алып, төлдеріне қауіп төндіргесін адамдардан араша сұрап келді ме? Әрине, бірнеше жыл қатарынан жайылмаға су шықпай, жақын жердегі жайылымдық жерлер тұяқкесті болып, тозып кетті. Ат шаптырым жерлерін қоршап алып, түк бітірмей отырған байшыкештер де жетіп артылады. Сонда «құйрығы жоқ жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер?» деген бұрынғы өткен жыраулардың айтқандары айдай келіп, ер қанаты деп әспеттеп, төрге шығаратын текті түлік те теперіш көріп отырғаны ма? Малдарын көшеге сандалтып қойып, иелері қайда қарап отыр. Үйірлерін шырқ үйіріп, бір-бірінен қызғанған айғырлар көше ортасында қарсы келіп қалса, бір-бірімен тістесіп, тебісіп, сүрен салады. Сондайда мектептен қайтып келе жатқан уақ балаларға қауіпті.

Бұрынырақта Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Баймишев нөкерлерін ертіп, жеңіл көлікпен қиқулап, көшедегі үйір-үйір жылқыларды қуалап жүретінін көзіміз шалған. Соңғы кезде мүлдем көрінбей кетті. Бәлкім көлігі сынып тұрып қалған болар. Қалай болғанда да көшедегі қозғалысқа кедергі келтіріп, қауіп төндіріп, көшелерде жайбарақат жусап жүрген жылқылармен «ат құйрығын үзісудің» бір жолын таппай болмайды.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521