Бұралқы ит басқа шықты...

Қара күз келіп, күн қысқара бастаса, кешқұрым үйге жаяу қайтуға қорқамыз.

Бұл күнде ұры-қары, бұзақыдан бөлек, іңірде адам азайғанда ашығып, көше кезетін бұралқы иттен қорқатын болдық. Ала жаздай кезектегі малды талап тыным бермеген иттер енді ауылдың ішін де кезіп, адамға шабуыл жасайтынды шығарыпты. Ұйығып,топ болып жүретін оларға тап болса, бір адамның әлі келмесі анық.

Жуырда жұмыстан кеш шығып, Харкин көшесін қиып өтіп аудандық тұрмыстық қызмет мекемесінің алдынан өте бергенімде, қайдан шыға келгені белгісіз екі ит өзіме қарсы шапты. Қорыққанымнан қолымдағы дорбамды сермеп, бар даусыммен айғайлап жатырмын. Оған қараған ит жоқ, қайта дорбадағы нанымды тартып жеп, жұлмалап әлек. Бағыма орай, жақын жерде қасына баласын ертіп, жаяулатып бір әйел адам келе жатыр екен, солар көмектесіп, тас лақтырып, үркітіп, аш иттің талауынан аман қалдым.

Байқағаным, иттердің біреуінің қарғыбауы мойнында жүр. Демек, кейбір тұрғындар байлауда тұрған үй жануарын қасына ере шықпай, босатып жібере салады. Күні бойы бұғауда тұрған ашулы ит босай салысымен айналасына шабуыл жасайды. Өкініштісі, бұндай оқиға бірінші рет орын алып жатырған жоқ.

Ит талаған адамның біріншіден, бойын үрей билеп, психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін.Екіншіден, иттің тісі батқан адамға құтыру ауруы жұғып, бірнеше ай ем алуына тура келеді. Әсіресе, кешқұрым сабақтан қайтатын балалардың жағдайы одан бетер алаңдатады.

Бұл мәселенің бір шешімін тауып, иесіз иттерді атып, иелері барына ескерту жасап, шара қолданатын уақыт келген сияқты.

Қ.БАГИТЖАНОВА,

Ауыл тұрғыны

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521