Қытай билігі коронавирус пен оның салдарынан туындайтын COVID-19 ауруының қаупін түсінген бойда жүздеген миллион адамды карантинге жауып, бақылауға алды.
«Аспан асты елінде» білім алып жүрген қазақстандық студенттердің де біразы елге қайта алмай қалған еді. Солардың арасында Ханчжоу қаласындағы Чжецзян сауда-кәсіптік университетінің қытай тілі және әдебиеті мамандығының соңғы курсында оқып жатқан жерлесіміз, махамбеттік Бектұр Төлеппен бейнебайланыс арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.
Бектұрдың айтуынша, Қытайда расында коронавирустан түгелге жуық адам жазылып шыққан. Себебі, елдегі тәртіп қатаң, үйден шығу өте қиын, екі адамнан артық жиналуға болмайды. Көшеде құр жүрген жағдайда үлкен мөлшерде айыппұл салып жіберетін көрінеді. Бір жағынан, Қытайдағы медициналық аппараттары мықты әрі дәрілік препараттарға деген тапшылық болмауының да індетті оңай жеңіп шығуына көп көмегін тигізгенге ұқсайды. Дәл қазір Қытайда ахуал тұрақталып, халық көшеде емін-еркін қозғалуға мүмкіндік алған.
Бірақ өзге елдерден келіп оқитын студенттерге жатақханадан шығуға тыйым салыпты. Өйткені олар ауырып қалған жағдайда оқу орны үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Ал, пәтер жалдап тұратын студенттерге рұқсатпен шығуына болады. Сонда да үш жерге ғана, супермаркет, дәріхана және ауруханаға баруға рұқсат етіледі. Шығар алдында ауру белгілері анықталмаған жағдайда берілетін жасыл түсті карточкамен жүру керек екен.
Коронавирус індеті тарала бастаған кезде азық-түлік қымбаттаған жағдайлар кездеспеген. Тек кафе-ресторандар, тамақтану орындарына баруға тыйым салынып, тамақты үйге жеткізу қызметі жүргізілген. Бетперде жетіспеушілігі, оны қымбатқа сатқан жағдайлар орын алған соң, әр университет өз студенттерін бетпердемен қамтамасыз еткен. Бүгінгі күні Таиланд мемлекетіне екі аптаға демалысқа барған ол Қытаймен арада шекара жабылып, оның үстіне универсиет қашықтан оқуға көшкен соң, амалсыздан достарының үйінде қалып қойған.
«Мен Таиландтағы Пхукет деген аралға демалысқа келгем. Содан бір аптадан кейін университет басшылығы сабақтың жақын арада басталмайтындығын жеткізді. Мен осы жақта болуға шешім қабылдадым. Оның үстіне шекараны жауып тастаған соң, Таиландта қалуға мәжбүр болдым. Сабақ қашықтан оқытылатын болды. Бұл жақта да жағдай тұрақталған. Осы тек бүгіннен бастап көшеде берпердесіз жүрсеңіз ғана айыппұл салады. Шамамен 3000 теңгедей болады. Көшеде кешкі 7-ден кейін жүруге болмайды. Ал елге қашан қайтатыным белгісіз»,- дейді жерлесіміз Бектұр.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ