Шілде айында Қазақстанда темекі шегуге тыйым салынған орындар тізімін кеңейтетін қолданыстағы заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді.
Шылым шегуге тыйым салынған тізім қатарына жабық автобус аялдамалары, ойын алаңдары, сондай-ақ метро мен жерасты өткелдері қосылды. Аталған жерлерде тіпті электронды темекі шегуге болмайды. Сонымен қатар, заңға сай, мейрамханаларда, кафелерде және басқа да қоғамдық мекемелерде кальян шегуге тыйым салынған, ал, мұндай құқық бұзушылық үшін 41 670 теңге айыппұл қарастырылған. Ендігі жерде, кальянды тек үйде қолдануға болады.
Жалпы темекі өнімдерін тұтынуға салынған тыйымдарды бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабында көрсетілген. Атырау облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Қайровтың хабарлауынша, жыл басынан бері осы бап бойынша 1624 хаттама жасақталды.
"Сондай-ақ, көлік иелері мен жолаушыларға кәмелетке толмаған балалар болған жағдайда көлік салонында темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілгені туралы ескерткіміз келеді. Әкімшілік кодекстің 441-1 бабына сәйкес, бұл бұзушылық үшін айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішті немесе 27 780 теңгені құрайды", деп атап өтті Ә.Қайров.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Сурет:дереккөз