Атырауда 17 тамызда карантин талаптары жеңілдетіліп, бірқатар нысан өз қызметін қайта бастады. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шаһардың бірнеше сауда орталығында болып, санитарлық талаптарын тексеріп көрді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Дина» сауда орталығының кейбір санитарлық талаптары нашар екені анықталды. Атап айтқанда, желдеткіш орнатылмаған, арақашықтық сақтауға арналған белгілер жоқ, кейбір бөлігінде дезинфекциялық тоннельдер мен құрал-жабдық қойылмағаны анықталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары «Дина» сауда орталығының басшылығына:
«Біз үшін ең басты талап — азаматтарымыздың амандығы. Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы қауіпсіздік тіпті маңызды. Сіздерге бір айдан астам уақыт берілгенмен санитарлық талаптарға дайындыққа салғырт қарағансыздар»,- деп сын айтты.
Сол жерге жиналған аталған сауда орталығы қызметкерлері мен жалға алушы саудагерлердің шағымын тыңдап, орталықтың ертеңнен бастап жұмыс істейтінін жеткізді. Бірақ, санитарлық талаптардың олқы тұсын шұғыл жөндеп, онда жұмыс жасайтындардың да сақтықты күшейтетінін ескертті.
«Дина базарының 12 павилионының бесеуінде ғана дезинфекциялық тоннель қондырылған. Желдеткіш те жасалмаған. Кейбірінің желдеткіші жасалғандығы жөнінде акті болмай отыр. Ескертілген қатаң талаптарға байланысты базар басшылығы кепілдік хат беріп, олқылықтардың орнын шұғыл толтырамыз деп отыр»,- деген Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қанат Ғайнеденов.
Базар әкімшілігі кепілдік хат беру арқылы жұмысын 18 тамызда бастайтынын айтты.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары бастаған арнайы комиссия одан кейін «Адал» сауда орталығы мен «Байзар» ойын-сауық кешенінің де санитарлық талаптарын қарап шықты.