Екі елдің жастары меморандумға қол қойды

 Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қоянды елді мекенінде мамыр айының 16-17 күндері аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшы бол!» Республикалық жастар форумы өтті.

«Алтын қырғауыл» демалыс аймағында өткен жиынға «Жаңғыру жолы» ҚХА Республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының белсенділері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары мен Ресей, Қырғызстан және Украинадан келген шетелдік делегаттар қатысты. «Жаңғыру жолы» ҚХА жастар қозғалысының Атырау облыстық штабынан бес жас аталған шараға қатысып қайтқан болатынбыз.

Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары мен Ресей халықтарының Ассамблеясы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат Ассамблеяның жастары арасындағы әріптестікті нығайтып, халықаралық деңгейде іске асырылатын жаңа жобалар үшін таптырмас мүмкіндік болғалы тұр. Демалыс орнында түрлі интеллектуалдық сайыстар, Team building ұйымдастырылды. Одан кейін мәжіліс залында модераторлар мен спикерлер бірінен кейін сөз алып, жиналғандарға өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, көшбасшылық қабілет туралы айтты.

«Жобалық менеджмент» аталатын шеберлік сағатында Алматы қаласының «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова, Солтүстік Қазақстан облысының еріктілер клубының жетекшісі Лилия Гизатуллина, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Гүлмира Әдбірашевалар «Көшбасшы-ерікті: Ол қандай болу керек?» жобасымен таныстырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Ұйғыр этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Рустам Абдусаламов ақпараттық кеңістіктегі жұмыс туралы жақсы пікірін білдірді. Сонымен қатар жастарға үнемі өздерінің қабілеттерін дамытып, жаңа білім көздерін меңгеруге, сондай-ақ өзін-өзі жетілдіруге кеңес берді.

Қазақстанның талантты жастарының бірі – 17 жасар қызылордалық Евгений Демиденко да шараның құрметті қонағы болды. Оның өзі жасап шығарған ұшақтың техникалық жобасын атақты «Боинг» корпорациясы қыруар қаржыға сатып алған еді. Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ол өзінің осындай деңгейге жетуі тынымсыз еңбектің арқасында екенін баса айтып өтті.

Форум қатысушылары Елордадағы «Достық үйіне» бас сұғып, жұмыстарымен танысты. Айта кету керек, жастармен бірігіп жұмыс істеуге Қазақстан халқы Ассамблеясы баса мән беріп келеді. Форум барысында жастарды қолдау, көшбасшылық қабілетін қалыптастыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жастар ісі жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру мәселелері ортаға салынды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ, «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521