Динара СҰЛТАН: «Карантиннің тезірек аяқталуын күтудеміз»

Еліміздің бірнеше қалалары коронавирус індетінің салдарынан карантинге жабылған болатын. Соның бірі – Алматы қаласы.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, биылғы 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізген болатын. Қазақстанның қалаларында ахуал қандай, халық дертпен қалай күресуде?

Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, махамбеттік Динара Сұлтанмен ұялы телефон арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.

- Алматы қаласы 19 наурыздан бастап карантинге жабылды. Қазіргі таңда коронавирус індетінің таралу жағынан Алматы қаласы бірінші орында тұр. Қаламызда халық саны көп болғандықтан таралу жағы да жылдам болды деп ойлаймын. Бастапқыда азық-түлік бағасы аздап көтерілгені байқалды. Бірақ, өте қымбат емес. Себебі, бағаны үнемі бақылауда ұстап, тексерудің арқасында тұрақталды. Дүкендер мен супермаркеттерде азық-түлік жеткілікті. Тұрғындар арасында «ажиотаж» байқалмады. Ең көп сұранысқа ие болған бетперде, антисептик сынды медициналық құралдар қолжетімді бағада дәріханаларда сатылуда. Дәл қазіргі уақытта барлығы дерлік үйлерінде отыр. Қажет жағдайда тек азық-түлік дүкендер мен дәріханаларға 500 метрден аспайтын қашықтық жерге ғана баруға рұқсат етілген.

Тұрғындар арасында карантин режимін, тәртіп бұзғандардың кездескенін естіп жатырмыз. Өзіміз отбасымызбен наурыз айының 20-нан бері қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, үйде отырмыз. Балаларымыздың оқуы қашықтықтан онлайн түрде жүзеге асырылуда. Өзім де қазіргі уақытта академияның магистратурасында оқуымды жалғастырудамын. Көп ұзамай дипломды қорғап, оқуымды аяқтағалы отырмын. Бәрі де онлайн түрде жүргізіліп, күн сайын есеп береміз. Диссертациямызды да онлайн түрде қорғап шығамыз деген ойдамын. Қазір елге танымал әншілердің өзі де әлеуметтік желі арқылы онлайн концерттер ұйымдастыруда. Бір жақсы тұсы үй жағдайында табиғи қалыптарымен жанды дауыста ән шырқайтындары қуантады.

Алдағы уақытта әлем, мәдениет және тағы басқа салалар да өзгереді деп ойлаймын. Себебі, қазір көбі үйде отырғандықтан әлеуметтік желімен онлайн түрде жұмыстарын жалғастыруда. Үйде отырып та көбі интернет арқылы саудаларын жасап, ақша табудың көздерін қарастыруда. Сондықтан үйде отырмын деп қолды қусырмай, бос уайымға салынбай, кәсіп етудің жолдарын таба білу керек. Рас, бәріміз де карантиннің аяқталуын асыға күтудеміз. Өйткені, тума-туыстарымызды, балалар достарын сағынды. Алладан тілеп, еліміз осы індеттен аман-есен шығып, амандықта кездесуге жазсын.

d

Кенжегүл САПАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT