Дәстүрлі оқытудан артық жүйе жоқ

Өткен оқу жылының IV тоқсанынан бері еліміз жаппай қашықтан оқыту әдісіне көшті. Елдегі эпидемиологиялық жағдай, кеңінен белең алған пандемия бүкіл әлемнің білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналып, тығырыққа әкеліп тіреді.

Әрине, мектепте, партада отырып, ұстаздың алдында білім алу мен қашықтан оқытудың айырмасы жер мен көктей. Ұстаз алдында оқушылар 40 минутта тиісінше мағлұмат алып, білімін толықтыратыны даусыз. Ал қашықтан оқыту сапалы білім алуға кедергі екені жасырын емес.

Қазақстандық мектептер үшін жаңа әрі күтпеген шешімнің, яғни қашықтан оқыту жүйесі баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Күніне қанша сабақ болса, сонша уақыт компьютер мен телефонға телміріп отыру оқушыға оңай емес. Оның үстіне, байланыс жүйесі де толыққанды жұмыс істеуге сай болмай шықты. Бірақ бұл жерде біреуден кінәлаудан аулақпыз, басқаша оқыту жолы жоқ екендігі белгілі. Мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта оқыту ең тиімді әрі қолайлы екендігін балалар да, мұғалімдер мен министрлік қызметкерлері мен депутаттарды түсінді. Президент өз Жолдауында да «санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды» деген-ді.

Мен осыдан 45 жыл бұрын Гурьев педагогикалық институтын физика-математика факультетін бітіріп, ең алғашқы еңбек жолымды өзім түлеп ұшқан Махамбет мектеп-интернатынан, яғни қазіргі Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиядан бастадым. Кеңестік жүйедегі талап басқаша еді. Күнделікті сабақ жоспарын қаламмен жазу, кәсіби газет-журналдардан материал табу секілді қойылатын талаптар жоғары болатын. Қазіргі керегіңді тез таба қоятын ғаламтор деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірген емес. Бірақ әр іздеген сайын біліміміз молая түсетін. Соңғы кездері шетелдік ғалымдардың өздері кеңес заманындағы білім беру жүйесінің сапасын мойындай бастады.

Қазіргі уақытта «тест» деген жүйе шықты. Өкініштісі, бұл жүйе білімге деген талап пен оқушының талпынысын кемшітіп жүрген секілді. Өйткені, оқушы тестте берілген сұрақтарға жауап беруге қиналса, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әйтеуір біреуін белгілей салады. Ол жауап дұрыс болу ықтималдығы төмен екендігі анық. Бұрын мектепті әрең бітірген бір түлек осылайша белгілеп, шекті балл жинап, жоғары оқу орнының студенті атаныпты дегенде жағамды еріксіз ұстағаным бар.

Ал бүгінгі күні мұғалім болып жұмыс істеуге жастар жағы онша қызығушылық танытпайды. Неге? Өйткені, уақытпен санаспайтын, түрлі қағазбасты жұмыстан көз ашпайтын мамандық кімге ұнасын, заман талабына сай жауап бермейтін, мамандық кімді жарылқасын?! Алайда, бәрін жоққа шығара беруге де болмас. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің мұғалім мәртебесін көтеру бағытындағы жасап жатқан жұмысы, аталған кемшіліктерді жоюға арнаған бағдарламаларына көңілім толады. Ұлағатты ұстаздардың өмір жолы мен мұғалімдік қызметі жайында өнеге боларлықтай шығармалар жазылса, бәлкім, жастардың мәртебелі мамандыққа деген қызығушылығы оянар деген сенімдемін.

Роза ҒАРИФУЛЛИНА,

ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT