Қоғамдағы баға жетпес құндылықтардың бірі, мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі - бірлік пен ынтымақ, бейбітшілік, еңбек екені даусыз.
«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді дана халқымыз. Ертең еліміздің ең басты мерекелерінің бірі 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өтеміз. Туған еліміздің игілігі жолындағы ырысты ынтымағымыз дәріптелетін бұл мерекенің барша қазақстандықтар үшін маңызы зор.
Елімізде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері талай жылдардан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде керегесі кеңге керілген, болашағы байыпты да байсалды, келешегі кемел, іргесі бекем, шекарасы шегенделген, өркениет өрісіне қадам басқан іргелі елге айналдық. Бұл жолдағы жетістіктер мен жеңістеріміздің барлығы бірлігіміздің, татулығымыз бен тұтастығымыздың арқасы деп білемін.
Дүниежүзі бойынша жер көлемі жөнінен 9-шы орындамыз. Бұл жер бізге ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ата-бабамыздан қалған аманат. Осындай кең байтақ жерге, жарқын өмірге жеткізген кемеңгер бабаларға қашанда құрметіміз ерекше.
Халқымыз тарихтың жазуыменен елімізге келген көптеген ұлттарға бауырмалдық танытып қана қойған жоқ, оларға барынша демеу болып, қолдау көрсетті. Біздің байтақ даламызда өсіп-өркендеуіне жол ашты. Бүгінгі көп ұлтты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақтың қонақжайлығы мен дарқан мінезіне өзге ұлттар үнемі өз алғыстарын айтып, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді. Біз осы қасиеттерімізден айырылып қалмауымыз керек. Барлық ұлттармен тату-тәтті өмір сүрсек қана басқа елдерден тұғырымыз биік болады, достық қарым-қатынасымыз одан әрі жақсаратыны анық.
Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық тарихында Қазақстан халқы достық мен келісімнің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. 1995 жылдың наурызында дүниежүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылғанын жақсы білесіздер. Бұл ешбір елде болмаған саяси маңызы зор құрылым. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз.
Барлығымыздың мүддеміз бір, мақсатымыз ортақ, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Айтулы мереке қарсаңында, еліміздің одан әрі көркейіп, гүлдене беруін, барша халқымызға ырыс-береке, еңбектеріне жеміс, ұлт бірлігін тілеймін. Қазақстан халқы бірлігі күні баршаңызға құтты болсын!
Мұрат Ещанов,
Бақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы, аудан медиаторы