Орталық сайлау комиссиясының отырысында 20 қарашада өткен Қазақстан Президенті сайлауының ресми қорытындылары жарияланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап 6 миллион 456 мың 392 адам (81,31 пайыз) дауыс берген. Осылайша жексенбі күні өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.
Қ.Тоқаевтың жеңісі - оған сенім артып дауыс берген барша отандастарымыздың ортақ жеңісі деп білемін. Президентіміз еліміздің билік саласының түрлі баспалдақтарынан өткен халықаралық ұйымдарда беделді лауазымды қызметтер атқарған интеллегент, дипломат адам. Сондықтан оның алдағы 7 жыл уақытта еліміз үшін елеулі істер атқаратыны анық. Өзім ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен адаммын. Сондықтан Президентіміздің сайлауалды бағдарламасында осы салаға қатысты айтқан ойларын, берген уәдесін түгелдей оқып шықтым. Әділетті Қазақстанды орнату үшін ең алдымен ағартушылық құндылықтарға айрықша көңіл бөлетінін, еліміздегі 6,5 млн баланың бәріне тұрған жеріне, қай тілде оқитынына қарамастан іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуы тиістігін, талантты, білімді, отансүйгіш ұрпақ неғұрлым көп болса, әл-ауқатымыз соғұрлым тез артатынын айтқанын қатты ұнатқан едім. Қасым-Жомарт Кемелұлы билік басында отырғанда осы айтылғандардың жүзеге асатынына шын жүректен сенім артамын. Ол үшін әрбір қазақстандық Әділетті Қазақстанды Президентпен бірге құруға атсалысуы керек.
Паңгерей Дюсеев, білім саласының ардагері