Үндеуге үн қосу
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуін үлкен қанағаттанарлық сезіммен оқып шықтым. Қазіргі кезде дүние жүзін шарлап отырған пандемия әсерінен әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде Қазақстан экономикасын құлдыраудан сақтап, орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бастысы осы белгіленген сайлау болып табылады.
Қалыптасып отырған жағдайда экономикалық реформаны нәтижелі жүргізу үшін жаңа заңдар мен Кодекстер қабылдау, бұрынғы заңдарға заман талабына сай өзгерістер енгізу қажет. Ол үшін депутаттар корпусын да жаңартып, олардың құрамын жаңаша ойлайтын, креативті көзқарасы бар адамдармен, белсенді жастармен толықтыру қажет.
Өткен VI шақырылымдағы Парламент және өкілді орган болып табылатын Мәслихат депутаттары жемісті еңбек етіп, өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарды деп есептеймін. Еліміздің ілгері дамуы мен Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қаншама Заң қабылданды. Сондай-ақ, мен соңғы 3 шақырылымның депутаты ретінде өңірлерде жергілікті бюджетті қалыптастыру, олардың басым бағыттарын айқындау, оның тиімді жұмсалуын бақылауда түрлі деңгейдегі Мәслихат депутаттары да жемісті еңбек етіп, өз үлестерін қосады деп батыл айта аламын.
Алдағы сайлаудың ерекшелігі, Мәжіліс депутаттарымен қатар Мәслихат депутаттары да партиялық тізім бойынша сайланатын болып отыр. Ол үшін Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет партиялық праймериз арқылы сайлауалды іріктеу жүрді. Көптеген белсенді жастар өзерінің білімі мен тәжірибесі арқылы осы іріктеуге қатысуға мүмкіндік алды. Бұл – құптарлық жағдай.
Көңілді көншіткен тағы бір жағдай,бұл сайлауда парламенттік оппозиция институты енгізілгелі отыр. Енді алға қарай Мәжлістің тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланатынын Президент өз үндеуінде ашық айтты. Қазіргі қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде біз Қазақстан халық жоғары ұйымшылдық, бірауыздық танытып, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын бір кісідей қолдап, алдағы жауапты саяси науқан – Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутататтарының сайлауын ұйымшылдықпен өткізуге атсалысуымыз керек.
Асқар ҚҰРМАНБАЕВ,
мемлекеттік қызметтің және ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты