Кәсіпкерлік саласы күнделікті өмірімізден нық орын алып,көптеген азаматтардың тіршілік көзіне айналса да, оларды толғандырар мәселелер де жоқ емес. Осы және өзге де жайттар төңірегінде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «БатысАлянсСтрой» ЖШС құрылтайшысы және бас директоры Әділ ЖҰБАНОВПЕН әңгіме өрбіттік.
-Атырау Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің атқаратын қызметі қандай?
- Өңірлік кеңес өңірлік палатаның бақылаушы органы болып табылады. Кеңестің мақсаты – бизнес өкілдерінің құқығын қорғау, кәсіпкерлікті өркендету және нығайту. Сондай-ақ палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдеседі.
- Жергілікті кәсіпкерлерді толғандыратын негізгі мәселелерді атап өтсеңіз? Оны шешу жолында қандай жұмыстар жасалуда?
- Кәсіпкерлер тарапынан көптеген мәселелер келіп түсуде.Қазіргі уақытта кәсіпкерлерді толғандырып жүрген балық шаруашылығындағы субсидиялау, тасымалдаудың тарифтерін төмендету, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалануды арттыру, ндустриалды аймақтар құру секілді мәселелер бар. Аталған мәселелерді реттеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
- Елдегі карантиндік шектеулер біраз кәсіп иелерін қиын жағдайда қалдырды. Оларға қандай қолдаулар көрсетілуде?
- Несиелердің мерзімін шегеру, салықтық төлемдерді тоқтату, қолжетімді несиелер беру, кәсіпкерлікке алынған несиелерді субсидиялау сияқты қолдау түрлері көрсетілді. Негізінен қызметі тоқтап тұрған кәсіпкерлерге ұстанған саласын әртараптандыруды ұсынар едім. Банкет залдары иелері дүкен, супермаркет, тігін цехтарын ашып, кәсіптерін өзгерту керек деп есептеймін.
- Кәсіпкерлерге газ, жарық пайдаланғаны үшін қойылатын тарифтың жеке тұлғаға қойылған тарифтен әлдеқайда көп екені белгілі. Жеңілдіктер қарастыруға болмай ма?
- Бізде тарифтерді төмендету мүмкіндігі жоқ, себебі аталған тарифтер барлығы нормативті-құқықтық актілермен бекітілген. Алайда Кәсіпкерлер палатасының жұмыстануы нәтижесінде қазіргі уақытта кәсіпкерлерге коммуналдық төлемдерді алдын ала төлеу алынып тасталды, яғни кәсіпкер төлемді тек нақты пайдаланғаны үшін төлейді.
- Өзімізге оралсақ. Кезінде жайқалған Сарытоғайдың алма бағынан бүгін түк те қалмады. Осы жерді қайта қалпына келтіру немесе Агроаймақтар құру жоспарда бар ма?
- Ия, қазіргі уақытта аудандарда ауыл шаруашылығын дамыту және ауылшаруашылық өнімдерімен жергілікті халықты қамтамасыз ету мақсатында Агроаймақтар құру жоспарда бар.Осы мақсатта Махамбет ауданының әкімі қолдау көрсетіп, Сарытоғайдан қаулыға сәйкес 80 гектар жер бөліп берді. Қазіргі уақытта аталған жер теліміне инфрақұрылым жүргізу мәселесі қарастырылуда.
- Кәсіп бастауға ниет еткен, бірақ бастауға жүрексініп жүрген жандарға кеңесіңіз? Кәсіпкер қандай болу керек негізі?
- Кәсіпкер өзінің кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сонымен қатар басқаларды қайталамай, өзгеше кәсіп түрін бастаған жөн. Осы жылғы карантиндік шаралар көрсеткендей, барлығы онлайн режимге ауысты, осыған байланысты қазіргі заман талабына сәйкес кәсіпкер қызметін ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жұмыс жасау жайын қарастыру керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ