Шексіз мүмкіндікке ие жандар

Мүгедек жандар қоғамнан мүлде бөлек өмір сүрген уақыт та болды. Ал қазір мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыттарының біріне айналды.

Мүгедектер де қоғамның толыққанды мүшесі. 1992 жылдан бастап БҰҰ ұйғарымымен халықаралық мүгедектер күні атап өтіліп келеді. Мұндағы басты мақсат - мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару еді.

Мүгедекке барлық жерде кедергі табылады, тіпті баспалдақтың өзі кедергі келтіреді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ғимаратқа кіріп-шығуына ыңғайлы пандус мәселесі қозғалып, 2019 жылы Махамбет ауданындағы мемлекеттік мекемелерге стандартқа сай пандус- тар мен арнайы белгілер орнатылып, салынды. Ауданымызда «Ақжол» мүгедектер қоғамдық қоры, «Ер жүректілер» мүмкіндігі шектеулі жандар спорт клубы бар. «Ақжол» қоғамдық қорының жетекшісі Қ.Құрмашев «Мейірім» әлеуметтік дүкенін ашып, тауарлар жеңіл бағамен сатылады немесе тегін де беріледі. Көз мүгедегі Жауынбай Қуатовтың «Қуатов» мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ махамбеттік Бауыржан Жолдасов өткен жылы «Құрылысшы» ықшамауданынан жеке көлік жөндеу орталығын ашты. Ал аудандық мүгедектер қоғамының төрағалығына Жолай Түгелбаев тағайындалған.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс бойынша бас маманы Гүлбағила Үмбетованың айтуынша, ауданда 1279 мүгедек адам тіркелген. Атап айтсақ, 1 топ мүгедегі - 112, ІІ топ - 672, ІІІ топ - 349 адам. 16 жасқа дейінгі 146 бала бар.

inva-1

- Биылғы басты жаңалық - әлеуметтік қызмет порталының ашылуы. Аталған портал арқылы әр мүгедек өздерінің оңалту жеке бағдарламасында тағайындалған құралдарды өздері таңдап, сұраныс бере алады. Оны «Қазпошта» АҚ Махамбет аудандық филиалы арқылы курьер үйіне тікелей жеткізіп береді. Бүгінде 24 құралға портал арқылы қызмет көрсетіліп жатыр. Мұндағы басты мақсат - мүгедектің тапсырысын бір-екі апта ішінде алуы дер едік. Олар бұрын айлап, апталап күтетін құралдарды тез алғанына қуанып, алғысын жаудырып жатыр. Келер жылы да құралдар портал арқылы болады. Бүгінде базаға 354 адам енгізіп, оларды қажетті құралдармен қамтитын боламыз, - дейді Г.Үмбетова.

Спорт пен өнерді жандарына серік еткендер де, жеке кәсібін ашқандар да мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жетерлік. Мәселен, Ақжол Кенжеғали теннистен аудан, облыста жеңіске жетіп, республикалық жарыстарға қатысып жүр. Қолөнермен айналысатын Жәния Шауменова түрлі сайыстарға қатыса жүріп, жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Қолөнермен айналысатын сарайшықтық Қалығыз Көшкінбаева, есболдық Айна Жайсаңбаева мен алғалық Алмагүл Фазлиева - он саусағынан өнер тамған ісмер жандар.

buym-1

- Биыл карантинге байланысты шипажайға әр ауданнан тек 15 адам ғана бара алады. Жеті адам Ақтөбе облысы, Алға қаласындағы «Шипагер» шипажайына демалуға кетті. Олар жолдамамен барып, 14 күн демалып қайтады. Енді қарашада карантин ашылса, шипажайға портал арқылы баратын болады. 47 мүгедекке 47 жеке көмекші тағайындалып, олар қажетті көмегін көрсетіп отыр. Сондай-ақ бір ымдау маманы, 3 сақау-саңырауға қызмет көрсетілуде, - дейді Б.Үмбетова бізбен әңгімесінде.

Атаулы күн көмек пен қолдауға зәру адамдардың өміріне бей-жай қарамайтындардың барлығын, олардың ерлігіне, табандылығына, таланты мен ерекше қабілеттеріне бас иетіндерді бір арнаға біріктіреді. Жалпы қоғамда мүгедектерге қатысты адамгершілік атмосферасын қолдай отырып, күнделікті өзекті мәселелерін шешуге тиісінше назар аударып, осылайша мейірімділік пен қамқорлық сезімін көрсету игі дәстүрге айналады деген сенімдеміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT