Бала асырап алғыңыз келе ме?

Бала асырап алу – заңды акт. Ол баланың және оны тәрбиелеуге алған адамның арасындағы құқықтық қарым-қатынасты айқындайды.

Негізінен кәмелетке толмаған балаларға қатысты әрі солардың мүддесіне орай жүзеге асуға тиіс. 1998 жылдың 17 желтоқсанында қабылданған ҚР «Неке және отбасы туралы» заңы бала асырап алудың тәртібі, оның құқықтық салдары тиісті адамдардың заңнамалық міндеттері мен жауапкершілігі т.б. егжей-текжейлі қарастырылған. (12 тарау). Баланы тәрбиесіне алуға тілек білдірген адамның өтініші бойынша бала асырап алу ісін сот қарап, азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырады. Заң бойынша ҚР азаматы болып саналатын балаларды ел аумағында тәрбиелеу мүмкіндігі болмаса, шетелдік азаматтардың немесе республика территориясынан тыс жерде тұратын туыстарының асырап алуына рұқсат етілген. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала асырап алу актісіне жете мән берілген. Көбінесе ұрпақ жалғастығы үзіліп қалмасын деген ниетпен перзент сүюге қабілетсіз, не ұлы жоқ отбасына ет жақын, сүйек шатыс туыстарына бала беріп, қамқорлық жасаған. Бұл актіні кейін құпия ұстауға міндеттенген. Әдетте отбасы тіпті ағайын-туыс арасындағы құпия сыр ретінде сақталатын осынау құқықтық-адамгершілік іс-әрекетті «бауырына басу», «баланы көйлекшең туу» деп астарлап жеткізсе керек.

АСЫРАП АЛУ ҚҰПИЯСЫ

Баланы асырап алудың құпиялығы-бала асырап алудың құпиялығы заңмен қорғалады. Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар, немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған жандар бала асырап алудың құпиялығын сақтауға міндетті. Бала асырап алудың құпиялығын оны асырап алушыларын еркіне қарамай жария еткен адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады. Енді Қазақстанда бала асырап алудың тәртіп, талаптары қандай? Оған қандай қажетті рәсімдер жасалады? Неке(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы ҚР Кодексіне сәйкес бала отбасына асырап алуға, қорғаншылыққа(қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін. Ұл(қыз) асырып алу нәтижесінде шығу тегі бойынша туыстарының құқықтары мен міндеттеріне теңестірілетін жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер туындайтын сот шешімі негізінде баланы(балаларды) отбасына тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны.

Патронат-жетім балалар, ата-аналарының(ата-анасы) қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылық немесе қамқорлық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган және баланы(балаларды) тәрбиеге алуға тілек білдірген адам жасайтын шарт бойынша отбасыларға патронаттық тәрбиеге берілетін тәрбие нысаны. Қорғаншылық - 14 жасқа толмаған балалардың және сот әрекетке қабілетке қабілетсіз деп танылған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны. Осылайша қалыптасқан жағдайға байланысты егер сіз отбасына бала қабылдап, ол үшін туған баладай жауапкершілікті артуға дайын болсаңыз, ол келешекте мүлікке құқық иеленуіне дайын болсаңыз, онда баланы асырап алуға тоқталуға болады. Баланы қабылдайтын отбасы- жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы кемінде 4 және 10-нан аспайтын жетім баласын, ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге қабылдайтын отбасына орналастыру нысаны.

Кодекстің 97 бабына сәйкес, асырап алынған баланың өз аты, әкесінің аты(егер бар болса) және тегі сақталу мүмкін. Асырап алушының өтініші бойынша балаға аты мен тегін беруге болады, әкесінің аты асырап алушының аты бойынша, немесе асырап алушы әйел болса, ол көрсеткен әке аты бойынша айқындалады. Егер бала 10 жасқа толса, онда оның деректері(аты-тегі, әкесінің аты) тек баланың келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін. Бала асырап алу құпиясын қамтамасыз ету үшін асырап алынған баланың туған күні, айы, жылын 6 айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жері өзгеруі мүмкін. Үш жасқа дейінгі баланы асырап алған кезде ғана асырап алынған баласының туған күнін, айын, жылын өзгертуге жол беріледі. Асырап алынған баланың туған күні, айы, жылының, туған жерінің өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі. Сәйкестендіру нөмірлерін ұлттық тізілімі туралы. Асырап алынған баланың ЖСН, асырап бала туралы мәліметтер, оның дербес деректері өзгерген кезде асырап алу туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін шартты түрде алынып тасталады. Сот шешімі бойынша баланың туған күні өзгертілген кезде балаға жаңа ЖСН беріледі. Бұрын бала асырап алғысы келетін азаматтар мемлекеттік органға 19 құжат тапсыратын. Қазір ол құжат саны 8-ге дейін қысқарған.

ТАЛАЙЛАРҒА ПАНА БОЛҒАН «АНА ҮЙІ»

Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» деп әнде айтылғандай, бәрін бірдей бақытты қыла алып жүрміз бе? Қоқыстан, қуыстан табылған тастанды сәбилер жайлы жаңалықтар жүрегімізді қарс айырғанымен, сондай ұқсас жайттар әлі де қылаң беріп қалып жүр. Еліміз үшін өзекті мәселеге айналып, онымен қызу күрес шаралары қолға алынды. Бәрі болмаса да бірсыпыра сәбидің қоқыс жәшігінде қалмай, балалар үйінде жәутеңдемей, анасының аялы алақанында өсуіне сеп болып жүрген «Ана үйі» еңбегін айрықша атай кеткен абзал. ҚР бойынша барлық аймақтарда ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан «Бала асырап алуға қолдау орталығы» ашылып, жұмыс істеуде.

«Ана үйі» қоғамдық қоры Қазақстанда кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған қайырымдылықты жүзеге асыратын бірегей жоба. 2016 жылдың 7 маусымында Білім және ғылым министрлігі мен «Ана үйі» қоғамдық қоры арасында екіжақты меморандум жасалды. Бекітілген құжатта тараптардың елімізде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту, сонымен қатар балалар мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру көзделген.

«Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығының негізгі мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларды асырап алуға ниетті отбасыларға көмек көмек көрсету болып табылады. Баланы асырап алуға дайындық кезеңінде бастапқы және баланың отбасында бейімделуі барысында асырап алушылар жанұяға психологиялық, консультациялық және құжаттар топтамасы барысында құқықтық қолдау көрсетеді. Қор мамандары бала асырап алуға үмітті отбасыларға ақпараттық-конституциялық көмек берумен қатар «Асырап алушы ата-аналар мектебінде» дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бұл орталық тап болған жүкті немесе балалы жас аналарға пана болды. Мұндағы әр ананың жағдайы әртүрлі. Жігітке алданып қалған жас қыздар жүкті екенін ата-анасына айта алмайды. Егер айтса, олар тарапынан қарсылыққа тап болады. Тұрмыс құрғандары күйеуімен, қайын жұртымен жараспай, баласын алып, бөлек кетіп жатады. Бірақ баратын жері, қарайласатын адамы болмай қиналады. Баласынан бас тартатындар санының артуына осындай жағдайлар түрткі болады. «Ана үйі» солардың алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс істейді. «Ата-аналарды да түсінуге болады. Баласын оқытып-тоқытып, бағып-қаққанда осындай жағдайға тап болып жатса, кім-кімге де қиын. Бұл жерде жауапкершілік екі жақты, сондықтан тек қыздарды ғана кінәлау, сөгу дұрыс емес. Бұған жігіттер де жауапты», – дейді психолог мамандар.

ОТБАСЫНА ОРАЛУДЫ ОЙЛАЙДЫ

Мәселен, Маңғыстаудағы «Ана үйіне» Ақтөбеден екі баласымен бір келіншек түскен. Оның өзі балалар үйінде өскен екен. Жолдасынан ажырасып кеткен, бірақ ол алимент төлемейді. Ол жақта орын жоқтықтан оны Ақтауға жіберіпті. Өзін жұмысқа орналастырып, балаларын балабақшаға берген.

Мұнда аналарымен ғана емес, оның туыстарымен, ата-аналарымен де психологиялық тұрғыда жұмыс жүргізіледі. Бұл ертеңгі күні олардың баланы қабылдай алуына жағдай жасау мақсатын көздейді. Ана үйіне келген қыз-келіншекпен келген бойда баласы болса, ең алдымен әкесі анықталады. Оның алимент алуына жағдай жасалып, одан әрі жұмысқа орналасуға көңіл бөлінеді. Жас ананың өзі де тырысуы, талпынысы болуы тиіс. Ана үйінде босанған жас аналардың тума-туыстарына хабар беріледі. Мұны ол қаламаса, орталық оны да ескеретін көрінеді. Бейнеулік келіншек ата-енесімен келіспей, үйінен кетіп қалған. Жолдасымен ажырасып та үлгерген. Мұнда ол 4-5 ай тұрған соң кері отбасына оралыпты. Келіншек мұндағыларға қарағанда өз жағдайының әлдеқайда жақсы екенін түсінсе керек. Тіпті ол күйеуімен қайта жарасқан.

ҚР бойынша барлық аймақтарда консультациялық кабинеттер мен Call-center жұмыс атқарады. Қордың барлық қызметтері ақысыз негізде көрсетіледі. Сондай-ақ жоба ата-аналардың үлкен жастағы балаларды да асырап алуын көздейді. Көбі жаңа туған нәрестелерді алуға құштар. Ал мектеп жасындағы балаларды асырап алу назардан тыс қалып қойған. Қор балалар отбасында тәрбиеленсе, ата-ананың жылуын сезініп, толыққанды жанұяда бой түзесе деген мақсатты көздейді. Әлі де ананың аялы алақанына, әке мейіріміне зәру жетімдер көп. Кей отбасында баланы асырап алғанын есейген шақта да айтпайды. Ал оны бөгде жандардан естіген бала қапа болып, ата-анасына қарсы шығып, үйінен кетуге мәжбүр болғанын естіп жатырмыз. Арасында өз туған анасын іздеп жүргендер де бар. Кезінде ойнақтап жүріп от басқан қыздар кейін отбасын құрып үлгергендіктен тастанды баласы барын мүлдем естен шығарады. Кейбірі оны жасырып қалады.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521