«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін тестілеуден өту тәртібі

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» қаулысы қабылданған болатын.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы 2017 жылғы 21 ақпандағы № 40 бұйрығына сәйкес, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидалары бекітілді.

Мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген үміткерлер тестілеуге қатысу үшін тестілеу күніне дейін бір күнтізбелік күннен кешіктірмей "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорацияға жүгіну арқылы өтініштерін тапсыра алады. Үміткер мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда, оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.

Тестілеуге жазылу үшін құжаттарды «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсыруға қатысты ақпарат пен кеңесті мемлекеттік корпорацияда немесе уәкілетті органнан ала алады. Үміткерлер тестілеуге қатысу үшін«электрондық үкімет» веб-порталында қалыптастырылған қосымшаға сәйкес тестілеу күні, уақыты және өту орны көрсетілген қолхатпен расталады.

Тестілеу бағдарламалары Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден үміткердің өтінішінде көрсетілгендей "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымының санаты бойынша өтеді.

"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеу үш бағдарламадан тұрады:

бірінші бағдарлама А-1, А-2, А-3, А-4, А-5, В-1, В-2, В-3, В-4, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, C-R-1, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2 санаттары;

екінші бағдарлама B-5, B-6, C-4, C-5, С-О-3, C-O-4, C-O-5, C-O-6, C-R-2, C-R-3, C-R-4, D-4, D-5, D-О-3, D-O-4, D-O-5, D-O-6, E-3, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-G-1, E-G-2 санаттары;

үшінші бағдарлама C-R-5, E-4, E-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттарды қамтиды:

Тестілеу бағдарламаларында көрсетілген мәндерден төмен емес нәтижесін алған үміткерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамасын білуге арналған тестілеу өткендігі туралы сертификат беріледі.

Бірінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат екінші және үшінші тестілеу бағдарламаларына жататын "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің лауазымдар санаттарына және екінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат үшінші тестілеу бағдарламасына жататын "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің лауазымдар санаттарына жарамды болып табылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификаттар тестілеу өткізілген күннен бастап бір жылдың ішінде жарамды. Ал, заңнаманы білуге арналған тестілеуде төмен нәтиже алған "Б" корпусының лауазымына үміткерлерге мәндерден төмен нәтижелермен тестілеу өткендігі туралы анықтама беріледі.

Заңнамадан және жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен шектік мәннен төмен нәтиже алған үміткер, қайта тестілеуге алдыңғы тестілеу өткізілген күннен бастап бір айдан кем емес мерзімнен кейін өтуіне жол беріледі.

Тестілеу "Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы" Акционерлік қоғамының қызметшісі болып табылатын тестілеу операторының қатысуымен өткізіледі.

Процедураның айқындығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында тестілеу залдары мобильді байланысты бәсеңдету құралдарымен, үміткерлерді айқындау мақсатында кард-ридерлермен,әрбір жұмыс орны үміткерді фотоға түсіру мақсатында және тестілеу процесінің бейне жазбасын жүргізу үшін веб-камералармен, видео аудио жазбалармен жабдықталған.

Тестілеудің өткізу тәртібін бұзу (тестілеуден өтетін адамдар басқа адамдармен сөйлеспейді, материалдармен алмаспайды, қағаз, электрондық және өзге де ақпараттарды қолданбайды, орын-жайды тастап кетпейді) негіздер болып табылады.

Тестiлеу өткізу басталғанға дейін өзiн нашар сезiнген адамдар ол туралы операторға хабарлайды. Бұл жағдайда ол адамдарды тестілеу осы күнгі басқа уақытта немесе тестілеу кестесіне сәйкес басқа күні өткізіледі.

Атырау облысы бойынша жыл басынан бері «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы тестілеуге өтініш бергендер саны – 1530 үміткер . Оның ішінде, шектік мәннен жоғары балл жинағандар саны – 517 немесе 33,8 %.

Жеке қасиетін бағалау тестілеуіне 626 азамат қатысып, оның ішінде 50%-дан жоғары балл жинаған - 457 үміткер немесе 73%-ды құрайды. Жыл басынан бері сынақ тестілеуіне келгендер саны - 161 үміткерді құрап отыр.

Шолпан Қайненова, ҚР Мемлекеттік

қызмет істері агенттігінің Атырау облысы

бойынша департаменті,

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT