Осы уақытқа дейін жабық тақырып болып келген балаларға қатысты қылмыс, көпе-көрінеу күш қолдану арқылы зорлық-зомбылық жасау әбден ушығып, шегіне жетті десек, артық айтқандық емес.
БАҚ арқылы хабардар болып жүргеніміздей, соңғы жылдары өгей әкенің, немесе өгей шешенің балалардың өзін-өзі қорғай алмайтын әлсіздігін пайдаланып, естіген адамның жанын түршіктіретін қылмыстар орын алып жатады. Бір-бірімен ағайын, құда-жекжат болып келетін жазиралы Жайық бойында да соңғы уақытта өкінішке қарай кәмелетке жасы толмағанды зорлаудың екі фактісі тіркеліп отыр.
Ақпараттар ағыны тасқындаған қазіргі заманда кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен балаға қатысты небір сұмдық оқиғалар орын алып жатқандығы жайлы әлеуметтік желілер жарыса жазып, пікір білдіріп, он екі де бір гүлі ашылмаған жасөспірімдердің арын таптап, қорлағандарға лағынет айтып, оларға ең ауыр жаза қолдануды сұрайды. Өз жемтігін алыстан аңдып, алдап-арбап қолға түсіріп, жымысқы ойларын жүзеге асыратын педофильдер жазасын өтеп шыққаннан кейін де қатесін түсініп, өткеннен сабақ алмай, қайыра қылмыс жасайды. Міне, бұл жерде заңның солқылдақтығы көзге ұрып тұр. Сондықтан Президент өз Жолдауында балаларға қатысты қылмыс жасағандардың жазасын қатайту туралы тапсырма берді. Мен ішкі істер органының қызметкері ретінде бұл ұсынысты қолдаймын. Өркениетке ұмтылған қоғамда ондай азғындарға аяушылық жоқ. Көздері қанталаған мұндай шибөрілер айналасына аса қауіпті.
Ж.Ділмағамбетова, ювеналды
полиция тобының учаскелік
полиция инспекторы
Сурет:дереккөзден