Халқымыздың арғы-бергі тарихында өзге ұлт өкілінен қазақ отбасына келін боп түсіп, ұрпақ өсіріп, салт-дәстүрімізді дәріптеуге өз үлестерін қосқан аналарымыз аз емес. Сол аналардың қатарына орыс қызы, қазақтың келіні, Талдыкөл ауылының тұрғыны Людмила Боброваны да қосуға болады.
Кейіпкерімізге телефон арқылы хабарласқан едік. Телефон тұтқасына жауап берген қоңыр да нәзік үнді Людмиламен тілдескеннен-ақ, оның сөздерінен қазақтың келініне тән ибалылық пен инабаттылықты аңғармау мүмкін емес.
Ол – Сарытоғай ауылының тумасы. Әкесі Семён Бобров ес білгеннен қазақ елінде тұрып келеді екен. Ал, анасы Роза Боброва Тәжікстан елінен қоныс аударған. Сарытоғай ауылындағы білім ордасының орыс сыныбын бітірген соң Атырау педагогикалық университетіне ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Өскен отбасы, мектеп пен жоғары оқу орнын орыс тобында аяқтағанына қарамастан, оның бүкіл бітім-болмысы қазақ халқымен біте қайнасқан, қазақшасы да судай. Тіпті, мектеп қабырғасында білім алып жүргенде ұстазы Ізғали Қашаубаевтың жетекшілігімен қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Сондай- ақ бала кезінен қазақтың халық әндерін жаттап, шырқап өскен ол әлі күнге ұжымда, ауылдағы мәдени шараларда ән айтып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Өзінің айтуынша, әншілік қырынан танылуына музыка пәнінен дәріс берген Қайыржан Ихсановтың еңбегі зор екен.
Людмила отбасында алты ағасының ортасында жалғыз өскен қыз. Бес ағасы және өзі де өз теңдерін қазақ отбасынан тапқан, бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған бақытты отбасылар.
Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі болатыны белгілі. Бобровтар отбасында қазақ халқының салт-дәстүрімен танысу қазақтармен құдандалы болғаннан басталған екен.
- Ағаларымның алды шаңырақ көтергенде құда түсу, сырға салу деген дәстүрлермен таныса бастадық. Кейін ағаларым бірінен соң бірі үйленіп, отбасымыз толығып, жеңгелерім көбейді. Алдыңғылары өз алдына бір-бір үй болып, бөлек шықты. Он бес жасымда отбасымызға Жансұлу жеңгем келін боп түсті. Ол кезде жасы он сегізде. Жас болса да, өте пысық, алғыр болатын. Жеңгемнен қазақ халқына тән салт-дәстүр мен жөн-жоралғыларды үйрендік. Әсіресе, көктемнің шуақты күнімен қатар келетін 14 наурыз – Көрісу мен 22 наурыз мерекесінде дастарқан жайып, ұлттық тағамдарды пісіріп, ерекше дайындалатын. Отбасымызда қазақ халқымен қатар, орыс халқының да атаулы мерекелері ескерусіз қалмайды. Анам жеңгелерімнің барлығына оны үйретті. Соны көріп өскен мен жиырма бес жасымда тұрмыс құрып, қазақ отбасының табалдырығын аттадым. Жаңа өмір, жаңа отбасына қадам басқан соң келінге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл отбасы мені өзге ұлттың қызы деп жатсынбай, өз баласындай құшақ жайып қарсы алды. Атам мен енемнің қолында тұрып, он жылдай қызмет еттім. Үлкен кісілер артық сөзі жоқ, мейірімді, адал, өте еңбекқор, сабырлы, ел сыйлайтын жандар еді. Менің жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып, осы отбасыға сіңісіп кетуіме қолдауларын аямағандарын мақтанышпен айтамын. Үлкен енемнің құлағыма өз сырғасын салып, мені бауырына тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Кіші енемнен де көп нәрсені үйреніп, өмірден өтпей тұрып ақ батасын алғаныма қуанамын. Ата-енем – 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген көпбалалы отбасы. Қайнағаларым мен абысындарым, қайнапа-қайынсіңлілеріммен бір үйдің балаларындай бірлігіміз жарасып, тату-тәтті жүргеніміз отбасындағы тәрбиенің нәтижесі деп білемін, - дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Людмиланың қазақ отбасы – Жиенқұловтар шаңырағына келін болып түскеніне биыл он сегіз жыл болыпты. Жолдасы Ғалымжан Жиенқұлов «Қазсушар» РМК Атырау филиалының төменгі Жайық өндірістік учаскесінде моторист болса, Людмила жиырма жылдан бері ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде Ғалымжан мен Людмила 1 қыз, 4 ұлдың ата-анасы, балаларының алды колледжде білім алуда.
- Қонақжайлылық, қонақ күту, қонаққа бару – тек қазақ халқына ғана тән қасиет пе деп ойлаймын. Келін боп түскенде, келін шәй деп қонақ шақырып, есік көрсету салтымен қонаққа жиі барғаным есімде. Әр салт-дәстүрінің астарында үлкен тәрбиелік мән жатқанын көруге болады. Енем өмірден өтсе де, бүгінде атамызбен бір үйде тұрамыз. Үйімізден әлі күнге қонақ үзілген емес. Міне, наурыз айы келгенде, ағайын-туыстың басын қосып, көрісу шәйін беруге дайындалып жатырмын, - дейді Людмила Боброва.
Міне, ұлты басқа демесеңіз, халқымыздың салт-дәстүріне құрметпен қарап, бір шаңырақтың тұтқасын ұстап, ұрпағын өрбітіп отырған Людмиладан қазақтың әйел-жар-ана деген атына лайық асыл бейнесін аңғардық.