Қайырымдылық ұлтқа, дінге бөлінбейді. Қайырымдылық бір адамның жүрегінен шығып, мың адамның жүрегіне жылу сыйлай алатын, көзге көрінбейтін жақсылықпен көңілдерді тойдыратын, құлаққа естілмейтін сөздермен жан жараларын жұбататын, мұқтажды қуантып, ауруды аяққа тұрғызатын құдіретті күш! Асыл дінімізде «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген хадис бар. Ал, Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады.
Иә, жақсылықты жария ету, садақаны көрсету, көмекті бетке басу жомарт жанға жат қылық. Алайда олардың осы игі ісі басқа жандарға үлгі болсын деген мақсатта біз аудан жұртшылығының жадында жомарттығымен есте қалған Жауынбай Асанғалиұлы туралы бір ауыз айтуды жөн деп білдік.
1996 жылы Бақсай ауылдық округіне қарасты аумақтан жер алып, бастапқыда егін салумен айналысқан «Қуатов Асанғали» шаруашылығы , бүгінде төрт-түлік малдың басын ұстап, кәсібін дөңгелетіп отыр. 2005 жылы осы мал шаруашылығын қолға алып, алғашқыда 30 бас Ойсылқара тұқымымен ата кәсіп қолға алынса, кейін уақ жандық та, түйе мен жылқы да қосылады. Өкініштісі, бақандай 17 жыл осы істің басы-қасында маңдай терін төккен шаруашылық иесі Жауынбай Қуатов мезгілсіз өмірден озып кетті. Әйтсе де, ағамыздың артында ізін жалғар ұлдары мен қызы бар. Бүгінде балалар мен шаруашылыққа бас-көз болып отырған Зинайда апай: «Бақ-дәулет әуелі Алладан, кейін адамның еңбегімен келетін дүние» дейді.
-Жолдасым екеуміз өрімдей жас күнімізден атағы гүрілдеп тұрған «Бақсай-Қаракөл» совхозында еңбек етіп, өз үлесімізді қостық. Ата-енем де сол совхозда сиыр баққан, малдың қыр-сырын жақсы білетін жандар еді. Кейін елде елеулі өзгерістер орын алып, аталмыш мекемелер тараған соң, біз де жұмыссыз қалдық. Сөйтіп, үкіметтен алған азын-аулақ жерімізге егін егіп бастадық. Техниканың, ақшаның, қолдаудың жоқ уақыты болған соң, егіннен пайда таппадық. Содан ата кәсіпті жаңғыртып, төрт— түлік мал ұстаймыз деп шештік. Таң атқаннан кеш батқанға дейінгі ауылдың тынымсыз тіршілігі, малдың қора-қопсысы, жем-шөбі, жайылымы біздің басты жауапкершілігіміз болды. Сол қиындықтың бәрін еңсеріп бүгін міне, жемісін ұл-қызым мен немерелерім көріп отыр,- дейді Зинайда Сәрсенғазықызы.
Шаруашылықтың жұмысы мен еңбекке келгенде бұл отбасының өзіндік қағидалары бар екен. 5 ұлдан 18 немере сүйіп отырған апай олардың барлығын ерте жастан еңбекке баулып, қырға жиі жіберетінін айтты. Тіпті, басқа қалада тұратын студент балалар да жазғы демалыстарында ата-әжесінің кәсібіне қолғабыс етіп, ауылда өткізеді екен. «Ұлдарымның бірі Ақтауда, бірі Атырауда жеке компания ашып, жұмыстарын жасап жатыр. Әйтсе, де атакәсіптен қол үзбей, мал-жанға қарасып тұрады»,-дейді көпбалалы ана.
Бұл кәсіптің қиындығы басым болса да, берекесі бар. Қуатовтар отбасындағы тағы бір тұрақты қағида– қайырымдылық жасау. Алла жолында, мұқтаждарға арнап мал сойып тарату – Жауынбай ағаның көзі тірісінен жыл сайын жасалатын дәстүр. Ауылындағы жағдайы төмен отбасыларға немесе зағип жандардан құралған соқырлар қоғамының мүшелеріне арнап жылда бір ірі қараны атап соятын жомарт ағамыздың игі ісін ұрпағы да үзбей жалғастырамыз деп отыр. Оған қоса ауыл арасында балалары науқас отбасылардың еміне, жолына деп те талай ақшалай көмек көрсеткен Қуатовтар туралы Бақсай ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қайыржан Мәжиев те жылы лебізін білдірді:
-Жауынбай ағамыз жүрегі кең, халқына қайырымы мол азамат еді. Өз заманында Бақсай кеңшарында бас инженер болып еңбек етіп, кейіннен бала- шағасын осы төрт-түлік мал ұстауға жұмылдырып, үлкен шаруашылықтың негізін қалады. Екі көзден зағип болса да, көкірек көзі ашық, тәртіп- талапты қоя білетін, еңбекқор жан еді. Бақсай ауылдық округіне әкім болған уақытымда жыл сайын маған хабарласып, «Бір атанымды өзім секілді зағип жандарға, мұқтаждарға таратсам деймін. Сол шаруаны өзің үйлестір!» - деп бір ауыз өтінішін білдіретін.
Баққан малын, бақ-дәулетін қайырымдылық жолында жұмсауға аянбайтын ағамыз 2019 жылдың қорытындысымен «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жүректен жүрекке» номинациясымен марапатталды. Ұйымшылдығы берік отбасының бүгінде кәсіпкер ұлдары әкелерінің тапсырмасымен бірнеше техникаларын шаруашылық атына тіркеп, қоғамдастық есебіне жылына 12 млн шамасында қаржы түсіріп отыр. Мұның өзі Жауынбай ағамыздың өз ауылына, туған жеріне деген құрметі мен қамқорлығы деп білеміз.
Алты баланы өмірге әкеліп, өсіріп жетілдіріп, кеңшардың қызу жұмысына да үлгеріп, шаруашылықтағы шаруаны да дөңгелетіп, қорасын қойға, қазанын асқа толтырып, ағайыннан алғыс, ақсақалдан бата алған Жауынбай Қуатов мен Зинайда Сәрсенғазықызының қарапайым шаруа отбасы көпке үлгі боларлықтай.
А.САТАЕВА