Бұрынғы бабаларымыз жеті жұрттың тілін біл деп өсиет қалдырған. Ал, кемеліне келген аса парасатты жан Қасым-Жомарт Кемелұлы сол бабалар аманатын орындап отыр десек, еш қателеспейміз.
Қазақ тілін қосқанда жеті тіл білетіні белгілі болып отыр. Қазақ тілінің рөлін күшейтіп, ұлтаралық тілге айналдыруға жұмыстануда. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды кейбір өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлеп, Президент тапсырмасын орындауға талпыныс жасауда. Мұның өзі биік мінберлерде орысшалап шүлдірлеген қандастарымыздың намысын оятар деп ойлаймын.
Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге бел буып отыр. Осыған дейін келесі жылы жүзеге асатын ауқымды жобалар сол жылдың қаңтар айында жоспарланып, мамыр айларына таман қаржыландырылып, соңы сиырқұмышақтанып кететінін көзіміз көрді. Ал, бұл кісі қыркүйек айынан қалдырмай алдағы жылдың жоспарын бекітіп, қаржысын уақытылы шешу жөнінде салалық министрліктерге нақты тапсырма беріп отыр. Мұның өзі тендерді сылтауратып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесері сөзсіз.
Елбасы шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға қолдау көрсете бермек. Алайда, кәсібін ашамын деп жеңілдетілген несие алғандардың кейбірі қаржыны басқа мақсатқа жұмсауда. Осы жағын да тиіті орындар қадағалауы керек. Тағы бір айтатын мәселе, ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасына көңіл бөлетін мезгіл жетті. Елімізде ет экспортына басымдық берілуде. Шетелге шығарған өнімдерімізді сапасы стандартқа сай келмегендіктен кері қайтарып жатқан фактілер орын алып отыр. Оған кім жауап береді? Базарымыздың бәрін өзбек пен қырғыз жайлаған, яғни ақша сол жаққа кетіп жатыр деген сөз.
Сондықтан Елбасының бастаған ісіне шындап қолдау көрсететін адам жалқаулықтан арылып, аз да болса елге пайдасын тигізетін іспен айналысулары керек деп ойлаймын.
М.Ещанов,
тәуелсіз медиатор