Атырауда жұмыссыздарға арналған жәрмеңкеде 1 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар және «Теңізшевройл» ЖШС-нің келешек кеңею жобасынан босатылған қызметкерлері үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 34 кәсіпорын қатысып, 1 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Басқарма басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, ұсынылған бос жұмыс орындарының тізімінде техникалық құбырларды монтаждау, жөндеу слесарі, электрик, құбырмонтаждаушы, дәнекерлеуші, көлік жөндеу, электрмонтаждаушы, бақылау және өлшеу аспаптарын монтаждаушы, жүргізуші, жүк тасушы, жол жұмысшысы, оператор, дефектоскопист, экскаватор, бульдозер машинисі, аспаз, аспаз көмекшісі секілді мамандықтар бар. Сонымен қатар, инженерлік лауазымға 387 маман қажет.

«Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізу. Жыл басынан бері 3 330 адамның және 239 жұмыс берушілердің қатысуымен 26 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеден соң 592 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмысқа орналастыру шаралары жалғаса береді. Жұмыссыздарға арналған жәрмеңкеде келушілердің бәріне кеңес беріліп, жұмыспен қамту саласында енгізілген өзгерістер, әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды», -дейді Азамат Мәмбетов.

Оның айтуына қарағанда, жыл аяғына дейін тағы да 10 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Бұған қоса, жұмыссыз жүрген адамдар бос жұмыс орындарын «Электронды еңбек биржасы» порталынан қарап, электронды нұсқада түйіндемесін жіберуіне болады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521