Атырауда соғыс ардагері Айдын Айбаровтың ғасырлық мерейлі датасы аталып өтті

"Атырау облыстық тарихи - өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері  Айдын Айбаровтың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті" деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

Майдангер ақсақал Айдын Айбаров  100 жасына санаулы күндер қалғанда 15 мамырда көз жұмған болатын.

Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, еңбек ардагерлері, марқұмның туыстары мен жергілікті әртістер қатысты.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Айдын Айбаровтың ерлікке толы өмірі көпке үлгі екендігін атап өтті.

"Айдын Айбаров майданға Мақат ауданы Доссор кентінен 1941 жылы шақырылды. Мектеп бітірген соң, өзі сұранып ұшқыш-штурмандар дайындайтын Чкалов әскери училищесінде оқыды.

Оқуды аяқтаған соң, 49-шы ұшқыштар полкында ұшқыш-барлаушы болып қызмет етті.

Белоруссия, Пруссияны азат ету операцияларына қатысты.

Елге 1947 жылы оралды. "Отан соғысы" орденімен, " ІІ дәрежелі Даңқ" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен, "Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін" медалімен наградталған.

Өмірінің соңына дейін Айдын Айбаров қоғамдық өмірге белсене араласты" деді Мұрат Өтешов.

Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын  Айдын Айбаровтың ұлдарына аймақ басшысы орынбасары Бақытгүл Хаменова табыс етті.

"Біз орта буын өкілдері Айдын Айбаровтың соғыс туралы естеліктерін, өнегелі әңгімелерін өз аузынан естігенімізді мақтан етеміз. Бұл сәттер ұмытылмайды. Айдын аға Отан үшін күресті, ерліктің, батырлықтың, патриоттық рухтың берік үлгісін көрсетті" деді Бақытгүл Хаменова.

Іс-шара соңында Атырау облысы ардагерлер кеңесі мен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында меморандумға қол қойылды.

Ондағы мақсат - халқымыздың тарихында есімдері алтын әріптермен жазылып қалған тұлғаларды дәріптеу.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT