Атырау облысы әкімдігі күзде болады деп болжанып отырған пандемияның екінші толқынына дайындықты күшейтті.
Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралардың бірі — Үкімет тапсырмасына сай, Атырау қаласында салынып жатқан модульді типтегі жұқпалы аурулар ауруханасы. 200 орындық инфекциялық аурухана стандартымен бой түзейтін медициналық нысанды облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының тапсырысымен ЖШС "BI Industrial"BI компаниясы салып жатыр.
Аурухана ғимараты жылдам құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи диагностикалық және науқастарды емдеуге арналған құралдармен жабдықталады.
Медициналық нысанда 56 екі орындық палата, 16 үш орындық палата, 6 бір орындық және жеті екі орынды бокстар аулаға шығатын арнайы есіктерімен жасалуда. Сондай-ақ, интенсивті терапия бөлімінде 20 кереует және қабылдау-диагностикалық бөлімінде бес бокс жасақталады.
Медициналық блокта әкімшілік, зертхана, КТ мен рентген аппараттары, бронхоскопикалық құрал-жабдықтар, УЗИ, электрокардиографтар болады деп жоспарлануда. Жаңа аурухана жұмысына жергілікті медициналық қызметкерлер қайта оқыту арқылы тартылады.
Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары қазанда бітеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетелік, Құлсары қаласында да 275 орындық аудандық орталық аурухана салынуда.