Атырау қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлері қала көшелерінде "Мен – жемқормын" атты әлеуметтік эксперимент жүргізді.
Мақсаты - тұрғындардың сыбайлас жемқорлық фактілеріне қалай қарайтындығын анықтау.
- Біз тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік пен иммунитетті қалыптастырып, парақорлықтың зияны мен салдары туралы түсіндіргіміз келеді.Әлеуметтік эксперимент қорытындылары бойынша біз адамдардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне қалай қарайтынына мониторинг жүргіземіз. Бұл театрландырылған қойылым түріндегі алғашқы әлеуметтік эксперимент екенін атап өткім келеді, - деді Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.
Эксперименттің мәні – «бассыз» жемқор тұрғындарға өзінің нағыз парақор екенін айтып, өз қызметтерін ұсынды. Эксперимент барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері өтіп бара жатқан адамдарға сенім телефоны мен жедел желі нөмірлері бар карточкалар таратты.