Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Әлеуметтік көмектің өз шарты бар.

Осы аталған көмектің төңірегінде сұрақ көп. Аудан әкімдігінің Телеграмдағы чаты да толассыз сауалдарға толы. Мысалы, Мариям есімді Махамбет ауылының тұрғыны өзінің жалғыз бір жалақыға қарап отырғандығын, ал тұрғылықты мекенжайы Таңдайда екендігін айтады. Мұндай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тиесілі ме, жоқ па? Ал, тағы бір ауыл тұрғыны өзінің көп балалы екендігін, ІІІ тоқсанда АӘК-ке құжат тапсырғандығын, келесі тоқсанда қайтадан құжат тапсыру қажет пе деген сауалын қойып отыр?

Бұл сұрақтарға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Алмажай Қартжанова жауап береді. Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы шекті мөлшерінен аспайтын отбасыға ақшалай нысанда беріледі.

- Егер атаулы әлеуметтік көмекті ІІІ тоқсанда алған болса, келесі тоқсанға құжат тапсырмайды. Ол автоматты түрде ұзартылады. Ал егер ІІІ тоқсанда алмаған болса, онда құжат тапсыру керек болады. Қазіргі уақытта АӘК көрсету үшін шекті мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды (күнкөріс деңгейі – 34 758 теңге). Осыған байланысты, кедейлік шегінің мөлшері – 24 331 теңге. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың IV тоқсанына қарастырылған. Көмек өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.

Ескерте кететін бір жайт, бұл көмек тұрғылықты мекенжай бойынша тағайындалады. Атаулы көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы кірісі мен кедейлік шегі арасындағы айырманы мүшелерінің санына көбейткен мөлшерді құрайды. Бұл ретте тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек, 16 жасқа дейінгі және бірінші, екінші, үшінші топтардағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы жәрдемақылар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар; стипендия; бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылардан басқа, табыстың барлық түрлері жиынтық отбасылық табысқа қосылады, - дейді А.Қартжанова.

АӘК алу үшін еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі және отбасы үшін жауапты болуы тиіс. Еңбекке қабілетті азаматтарға халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, өз ісін ашу үшін гранттар мен несиелер беру және тағы да басқа белсенді шаралары ұсынылады. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі оған ғана емес, бүкіл отбасына 6 ай мерзімге тоқтатылады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT