Бұзылған брусчатка қашан бүтінделеді?

Ауданымыздың орталығы өзге аудандармен салыстырғанда анағұрлым әсем де әдемі.

Көшелеріміздің басым көпшілігіне тас жол мен жаяу жүргіншілер жолы төселген. Көше жарығы жарқырап, түннің өзін жап-жарық қылып тұр. Десек те кейбір сапасыз салынған дүниелер ауылымыздың келісті келбетін бұзып, сырттан, әсіресе, қаладан келетін қонақтарымызға жағымсыз көрініп қалатыны да өтірік емес.

Ауданға кіре берістегі жаяу жүргіншілер жолының әдемі тастары ойылып ішіне түсіп жатқанына біраз уақыт болды. Қыруар қаржы бөлінген брусчаткалар, жасаған адамдардың жұмысына салдыр-салақ қарағанының кесірінен опырылып қалған. Әу-баста астының топырағын тегістеп, жаңбырдың суы кетпейтіндей етіп қаласа, мұндай олқылық орын алмас па еді?! Ауылдың ішіндегі кейбір жаяу жүргіншілер жолдарының да сапасы сын көтермейді. Қабылдап алған кезде жалтырап жайнап тұрғаны не керек, бір жаңбыр жауғаннан кейін сыр беріп, адам көргісіз болып қалады.

b

Ауданымызда халық ең көп баратын аудандық аурухананың алдындағы шағын тас жолда ойдым-ойдым болып ойылып қалған. Өткен жолы аудандық газеттен тас жолдың сапасын енді халықтың арасынан шыққан бақылаушылар бақылайды дегенді көзім шалып қалып еді. Менің ойымша осы өте дұрыс шешім. Тәртіп пен бақылау жоқ жерде жұмысқа жүрдім-бардым қараушылық орын алады. Ауылдық әкімдік тарапынан аудан орталығын көркейту бағытында көптеген жұмыстар жасалуда. Тек жасалған жұмыстың сапасын бақылауға көбірек көңіл бөлінсе және орын алған олқылықтың орны дер кезінде толтырылса деген ұсынысым бар.

Ауылдастарымыздың арасында балалар үшін жасалған ойын алаңдарының темірлерін болтынан шешіп, қауіпсіздік үшін салынған жол кедергісін ортасынан кесіп, тіпті халық игілігі үшін төселген брусчаткаларды ойып алып кететін оясыздар да бар көрінеді. Ескі Сарайшықта мазарды қоршау үшін қаланған кірпішті бұзып алып кеткендерді де газеттен оқып жағамды ұстадым. Ауылдың келбеті, сол ауылда тұрып жатқан адамдардың ой-өрісінен хабар береді. Өзіміз үшін салынған дүниелерді қиратып, бұзып алып кету нағыз мәдениетсіздіктің көрінісі. Сондықтан жерлестеріме айтарым, мұндай бассыздықты тоқтату керек. Ауылдың әдемілігі өзіміз үшін керек екенін естен шығармайық.

А.ҚАБЕНОВ,

аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT