Өткен жылдан бастап елімізде көптеген оңды өзгерістер орын алып келеді.
Былтырғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы бүкілхалықтық референдум болып өтті. Бұл 1995 жылдан бері болып тұрған жаңалық. Сол арқылы халқымыз демократиялық дамуға тағы бір қадам басты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында Ата Заңға жаңа түзетулер енгізуді талап ететін тағы бір бастама жариялады. Оның бірі – ел Президентінің қайта сайлану мүмкіндігінсіз 7 жылға және де бір-ақ мерзімге сайлануы. Бұл жаңашылдық елдегі жоғарғы биліктің сөзсіз ауысуына кепілдік беріп, оны монополиялаудан қорғайтыны анық. Жалпы 2022 жылғы реформалар суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді айқындап берді.
Сонымен бірге, Қазақстандағы партиялық құрылысты жандандыру бағытында маңызды шешімдер пакеті қабылданды. Жаңа саяси бірлестіктер құру рәсімдері жеңілдетілді. Бұл алға қарайғы жүйелі қайта құрулардың іргетасын қалағаны хақ. Енді, міне, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Мұның барлығын былтырғы конституциялық реформаның заңды жалғасы және түйіні деп түсінген жөн. Әрмен қарай еліміз демократиялық дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа дәуірге қадам басады деген сөз.
Саяси өзгерістерге сәйкес, енді халық қалаулыларының қатарына халықтың мұң-мұқтажын бұрынғыдан да жетік білетін, өзекті мәселелердің мән жайын терең түсінетін жаңаша көзқарастағы жас та іскер азаматтар келеді деп күтеміз. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріне соны серпіліс әкелер деген сенімдеміз.
Сайлауғали Кенжеғалиев,
аудандық мәслихатының 7-шақырылымының депутаты, Жылыой ауданы