Атырау айтыскерлері «Асыл домбыраға» ие болды

Атырау айтыскерлері

«Хабар» агенттігі ұйымдастырған "Асыл домбыра" мегажобасында жүлдегер атанған атыраулық айтыскерлер марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

"Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли, жоба авторларының бірі "Асыл тас" қоғамдық қорының төрағасы, белгілі меценат Дулат Тастекеев бастаған топ аймақ ақындарына асыл тастармен көмкерілген "Асыл домбыраны" табыстауға арнайы келді. Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде болған марапаттау салтанатын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сөз сөйлеп ашты.

a

"Бұл облысымыздың рухани өміріндегі үлкен тарихи сәт болғалы тұр. Республикалық командалық "Асыл домбыра" айтысында өңіріміздің құрамасы жүлделі екінші орынды еншілеп, Атырау аймағының абыройын асқақтатты. Осы жобаға мұрындық болған азаматтарға, сондай-ақ жергілікті айтыскерлерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Ұйымдастырушылардың жеңімпаздардан қалыс қалдырмай, біздің ақындарға да арнайы "Асыл домбыра" тарту етуі өңірге, өнерге деген зор құрмет деп білеміз" деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Одан соң меймандар сөз сөйлеп, атыраулықтарды жеңісімен құттықтады. "Хабар" агенттігі ұлттық өнерімізді насихаттауда бірқатар жұмыстар атқарып жүр. Солардың бірі - былтыр 20 өңірдің ақындары қатысқан "Асыл домбыра" командалық айтысы. Осы додада жоғары деңгейде өнер көрсеткен Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсенбаев және Шалқарбай Ізбасаровтан құралған атыраулық айтыскерлер ақтық сынға дейін барып, мұнайлы аймақтың абыройын асырды. Бұл Атырау ақындарының ұлттық өнерімізді өркендетуге қосқан үлесімен қатар, аймақ айтысының дамуына серпін береді деген сенімдеміз" деді "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли.

altyn-dombyra2

"Айтыстың қара нарындай болған ақын, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның қолға алуымен еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі жыр додалары өтіп жүр. Алайда командалық айтысты ұйымдастыру 30 жылдан кейін қайта жүзеге асып отыр. Сол сөз сайысында атыраулық айтыскерлер атой салып, мәреге дейін жетті. 60 ақыннан тұратын 20 команда 4 ай бойы сынға түскен айтыста атыраулықтар екінші орын еншіледі. Ақтық сында Жамбыл облысының шайырларымен кездескен Атырау ақындарына да арнайы асыл тастармен безендірілген "Асыл домбыраны" табыстауды ұйғардық" деген айтыс жанашыры Дулат Тастекеев "Асыл домбыраны" облыстық тарихи өлкетану музейіне салтанатты жағдайда табыстады.

Бұл музейдегі 75-інші домбыра болып тіркелді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының атқарушы директоры Шұғайып Сезімхан, айтыскерлер құрамасындағы ардагер ақын Шынарбек Қабиев игі тілектерін арнаса, атыраулық жас ақын Батыржан Кәдірбай осы бір шуақты сәтті жырына арқау қылды.

Айта кетейік, 2022 жылы "Хабар" агенттігі мен "Асыл тас" қоғамдық қоры ұйымдастырған "Асыл домбыра" айтысы өтті. Аталған аламанда Атырау ақындары төрт айтыс өткізіп, екінші орынды иеленді . "Бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып отырады" деді телеарна төрағасы Берік Уали. Сондай-ақ ол жергілікті ақындардың ұсынысы бойынша бұндай игі шараларды Атырауда да өткізу туралы ойын жеткізді.

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521