Қазіргі қоғамның дендеген дерті, өршіген мәселесі қылмыстық құқық бұзушылықтар болса, енді халқымыз майдаға балап, қатты елеп ескере бермейтін әкімшілік құқық бұзу да осы үлкен қылмыстың алғашқы сатыларының бірі екені анық.
Күнделікті кездесетін қоғамдық орындарда құқық бұзу сонымен қатар отбасы-тұрмыстық жағдайда кездесетін зорлық-зомбылық мәселелерінің алдын алу мақсатында қанша сабақтар, дөңгелек үстел өткізілсе де аздық етпесі анық. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен әскери тәртіппен құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында, 2019 жылғы қазан айында бірнеше рет «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 51051, 41433 және 41321 әскери бөлімдердің әскери қызметшілерімен және олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.Онда әскери қызметшілермен жасалған құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың мәліметтері жеткізіліп, Қазақстан Республикасы қылмыстық және әкімшілік кодексінің негізгі баптары, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен ұйымдардың басшыларының пара алу және материалдық сыйақы алу деректерінің жауапкершіліктері жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында әкімшілік және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында тақырып сұрақ-жауап ретінде өрбітіліп, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениет деңгейін одан әрі арттыру, білімдерін жетілдіру негізінде әскери қызметшілермен әйелдер кеңесі мүшелері ұсынған өзекті сұрақтарға дәйекті жауаптар берілді.
Бақтияр Дәуренқұлов,
Атырау гарнизоны Әскери полиция
бөлімшесінің (әкімшілік тәжірибе) офицері,
әділет капитаны