Арзан газ тек Атырауда

Аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселесіне байланысты «ҚазТрансАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Махамбет газ шаруашылығы директоры С. Аманғалиевпен тілдескен едік. Сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

-Ауданның табиғи газбен қамтылуы қандай деңгейде? Табиғи газ отынын тұтынушылардың қысқа дайындығы қалай?

-Біз аудан халқын табиғи газбен толықтай қамтып отырмыз деуге болады. Ауданның 9 ауылдық округ тұтынушылары мен мекемелеріне табиғи газ отыны тоқтаусыз,үздіксіз жеткізіліп отырылады. 2020 жылы Махамбет ауданы бойынша Ақжайық, Сарайшық, Махамбет, Ортақшыл ауылішілік жаңа мөлтек аудандарына табиғи газ құрылысы жүрді. Аудан бойынша 90 пайызға қамтылып отыр. Махамбет ауылы ішінде А.Тұржанов көшесінде орналасқан ГРПБ жаңартылып, қауіпсіздік үшін Махамбет жер қатынастары бөлімінің келісімімен Атырау-Орал тасжолының бойына көшірілді. Табиғи газды пайдалану ережелерін бұзған тұтынушыларға тиісті үлгідегі тәртіп бұзушылықты жою жөнінде ұсыныстар беріліп,олар орындалып, тиісті талапқа сәйкестендірілді. Ауданға қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдайдың алдын алу, газ құралдарын пайдаланғанда сақтық шараларын естен шығармау жөнінде ескертіп,түсінік жұмыстары жүргізілді.

- Жеке секторларда әлі күнге дейін газ отынын жағып отырғандар, оның ішінде қолдан жасалған жылу қазандығын пайдаланып отырғандар бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?

-Әрине, ондай жағдайлар бары рас. Ауданда жеке тұрғындар үйлерін жылыту үшін ертеректе қондырған газ оттығын пайдаланып отырғандар кездеседі. Бұл бұрынғы кезде берілген тұрғын үйді табиғи газбен қамтуға берілетін техникалық шартқа сәйкес келетін еді. Ал соңғы кездері қойылатын талап пен мекеменің ұстанып отырған жұмыс бағдары бұрын пайдаланған газ оттықтарын бірте-бірте зауыттық жылыту қазандықтарына тұтынушылардың өз көмегімен ауыстыру көзделіп отыр. Біз қолдан жасалған жылыту қазандықтарын пайдаланушылармен ымырасыз күрес жүргізіп келеміз. Ондай қазандықтарды пайдалануға мүлде болмайды. Өйткені қолдан жасалған жылыту қазандықтары табиғи газ отынын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етпейді. Мұндай қазандықтары бар тұтынушыларға оны қалайда ауыстыруға кеңес береміз. Берілген ескерту орындалмаса,қолданыстағы заңдылықтар мен ережелерге сәйкес ол үйлер газ желісінен толық ажыратылып тасталынады. Жалпы газ тарату қазандығы үйден бөлек болуы тиіс. Үйге жапсарлас салынса да, есігі бөлек, сырттан болғаны дұрыс. От жағылған үйде жас балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Егер қыдырып кетсеңіз, үйдегі газды ажыратып кеткеніңіз жөн. Ас үйдегі газ плитасымен жұмыс істегенде де абай болу керек. Қолдан жасалған жылу қазандығын пайдаланатындарға ондай қазандықтар қауіпті екенін ескертіп, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірігіп, ескертулер мен қолхаттар берілді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жоспарланды?

-Апат айтып келмейді. Жалпы газ шаруашылығы – еліміздің халықты көгілдір отынмен қамту саласындағы аса қауіпті салалардың бірі. Біз төтенше жағдайдың алдын алуға, оның зардаптарын жойып, жұмыс ырғағын қалпына келтіруге әр уақытта дайын болуымыз керек. Мекеме қызметкерлері алдын ала бекітілген апаттық, төтенше жағдайларды жою жөніндегі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп отырады. Арамызда әлі де болса, газ пайдаланғанда оған немқұрайлы қарап, қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар аз емес. Отпен ойнауға болмайтынын бір сәтке естен шығармаған жөн дер едік. Жоғарыда айтып өткенімдей, А.Тұржанов көшесі бойында тұрған ГРПБ-ны ауыл ішінен шығардық. Сонымен қатар аудан бойынша асфальт төселіп жатқан көшелер бойындағы жер үстінде тұрған газ желілері жер астына ауыстырылды.

- Мекемелердің жылыту қазандықтарының операторларына қойылар талап қандай?

- Ең алдымен жылыту қазандығының операторы болу үшін осы мамандыққа оқу пункттерінде, оқу комбинаттарында оқып, белгілі мамандық иесі деген куәлік алуы тиіс. Содан кейін өндірістік қауіпсіздік,еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт қауіпсіздігі, өз амандығы бойынша біліктілік емтиханын тиісті комиссияға тапсырады. Сөйтіп, операторлық жұмыстар атқаруға рұқсат алады. Соңғы кездері газ операторларына қойылар талап та жоғарылады. Операторлар біліктілігін арттырып, жыл сайын емтихан тапсырып отырады. Сол емтиханда арнайы барлық қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жұмыс барысын қатаң ескертеміз. Әр оператор өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ол кезекшілікті қабылдап аларда газдың қысымы, басқа да техникалық ақауы жоқтығын тексеруі керек. Әсіресе, түнгі ауысымда болған кезекшілікте ұйқы деген дұшпанның арбауына түсіп, кездейсоқ жағдайға тап болуы әбден мүмкін.

- Табиғи газ тарифі , табиғи газды тұтынушылардың төлем қабілеттері туралы не айтар едіңіз?

Табиғи газ отыны тарифін монополияға қарсы күрес департаменті үнемі бақылауда ұстап отырады. Сондықтан тарифтің негізсіз көтерілуіне жол берілмейді. Республика бойынша ең арзаны тек Атырау облысында ғана. Басқа облыста газ бағасы қымбат. Табиғи газды пайдалансақ, міндетті түрде ай сайын төлемін төлеп отырған дұрыс. Қазіргі уақытта төлем жасау аса қиындық туғызбайды.Ұялы телефондағы мобильдік қосымшалар арқылы да төлеуге болады.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT